Жамағат намазының маңыздылығы

"لَقَدْ هَمَمْتُ أَنْ آمُرَ فِتْيَتِي فَيَجْمَعُوا لِي حُزْمًا مِنْ حَطَبٍ ثُمَّ آتِي قَوْمًا يُصَلُّونَ فِي بُيُوتِهِمْ لَيْسَتْ بِهِمْ عِلَّةٌ فَأُحَرِّقُهَا عَلَيْهِمْ"

Расулуллаһ (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) айтады: «Менің жүрегім жастарға отын жинатып, кейін намаздарын үйлерінде үзірсіз оқығандардың үйлерін өртеуді қалайды».[1](Сахих)

Үмметіне ең рақымды және мейірімді болған, олардың тіпті болмашы қиыншылық көруін қаламаған Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) өзі (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) намаздарын үйінде үзірсіз оқығандарға наразыланғаны соншалық, тіпті соның себебінен олардың үйлерін өртеуге әзір болса, бұдан қатаң ескерту бола ма?!

Бізден ілгері дүниеден өткен үмметтің жамағат намазына мән беруін айтар болсақ, бір күні Маймун ибн Михран (рохматул-лаһи ъаләйһи) мешітке келіп, жамағат намаз оқып қойғанын байқады. Сонда ол: «Біз бәріміз Аллаһ Тағаланың иелігіндеміз. Әрі кейін Оның алдына қайтарыламыз»,-деп, кейін: «Бұл жамағат намазы-ның сауабы мен үшін Ирактың патшалығынан да артық еді»,-деді.

Сахабалар (родиял-лаһу ъанһум) жайында: «Олар бірінші тәкбирді өткізсе үш күн, жамағат намазынан қалса бір апта қайғы-ратын»,-делінген.

Бір күні Хатим Заһид Балхи (рохматул-лаһи ъаләйһи) бір жамағат намазын өткізіп, соның себебінен қатты қайғыға түседі. Екі адам оған көңіл айтып келгенде, ол жылап: «Егер менің бір балам көз жұмса Балханың жарты тұрғыны (бір риуаятқа қарағанда ол он мыңнан астам адам болар еді) көңіл айтып келер еді. Ал, жамағат намазынан қалып қалғаныма сендер ғана көңіл айтып келдіңдер. Бұл – адамдар Ақыреттің апатын дүние апатынан жеңіл деп түсіну себебінен»,-деді.

Саъид ибн Әл-Мусаййаб (рохматул-лаһи ъаләйһи): «Соңғы жиырма жылда мен азанның уақытында мешіттен тыс болған кезім болмады»,-десе, Мухаммад ибн Уасиъ (рохматул-лаһи ъаләйһи): «Мен бұл дүниеде үш нәрсенің болуын қалаймын: қателіктен қайтаратын жолдас, жанжал тудырмайтын өмірлік азық және кемшілігі Хақ Тағала тарапынан кешіріліп, сауабы толық берілетін жамағат»,-деген.



[1] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға