Біз кімбіз?

Біз көп жағдайда «Ақыл не? Нәпсі не?» деген сұраққа жауап іздеп жатамыз.

Бір қызығы, заманауи ғылым, өзінің жетістіктеріне қарамастан, осы сұрақтарға жауап бере алмайды. Ондай болса ақыл мен нәпсі жайында бір ойланып көрсек! Мысал ретінде мына жағдайды келтіруді жөн көріп отырмыз: қыстың суық түнінде сіз жылы төсекте жатырсыз. Ұйқы тәтті. Денеңіз жылы төсегіне шомып жатыр. Кенеттен сағаттың қоңырауы соға бастады. Намаз уақыты болды. Сол сәтте сіздің бойыңыздағы екі болмыс күресе бастайды. Оның бірі: «Тұр да, намазыңды оқы»-десе, екіншісі: «Асықпа. Жата тұр. Әлі уақыт бар»-дейді. Бірінші болмыс: «Қазір тұрып кетпесең қайта ұйықтап кетесің. Намазыңды өткізіп аласың. Намаз ұйқыдан абзал емес пе?»-десе, екінші болмыс: «Жә, қойсаңшы! Тәтті ұйқыңды қиясың ба? Оған қоса уақыт та баршылық. Жата тұр»-дейді.

Осылайша екі болмыс өзара күреседі. Уақыт болса өтіп барады. Сағаттың әрбір тарсылында екі болмыс: «Тұр! Ұйықта! Тұр! Ұйықта!»-деп бұйырып жатыр.

Міне сіз үшін арпалысқан осы екі болмыстың бірі ақыл болса, екіншісі – нәпсі. Ақыл сізге намаз оқуды бұйырса, нәпсі сізден ұйқыны жалғастыруды талап етеді.

Осыдан нәпсі ең алдымен ләззатқа үндейтіні көрініп-ақ тұр. Пенде әлдебір ләззатты доғаруын қалаған жағдайда нәпсі оның созылуын қалайды. Дегенмен, жүректе иман болса ақыл, қажетті жағдайда, ләззатты доғаруын бұйырады. Міне, осы жағдайда ақыл иманның көрсеткішіне айналады. Алайда, бұл «мұсылман ешқашан күнә істемейді» деген сөз емес.

Ислам – адам табиғатына тән дін. Осыдан адамзат Хақ Тағалаға құлшылық ету мақсатында жаратылғаны айқын көрініп тұр.

Жаратылтардың ішінде құлшылықтан өзге әрекет етпейтіні бар. Ол – періште. Алайда, Аллаһ Тағала бізді періште етіп жаратпады.

Жаратылтардың ішінде тек күнә істейтіні бар. Ол – лағнеті шайтан. Алайда, Аллаһ Тағала бізді шайтан етіп жаратпады.

Жаратылтардың ішінде санасыздары бар. Ол – мал-жануар. Осы себептен оларға құлшылық ету міндеттелмеген әрі олар құлшылық үшін қияметте сұралмайды. Дегенмен, Аллаһ Тағала бізді мал-жануар етіп жаратпады.

Енді біз өз-өзімізге сұрақ берейік: «Олай болса біз кімбіз? «Адам» деген қандай жаратылыс өзі?»

Адам – ерекше жаратылыс. Өйткені оның бойынан  періштеге әрі шайтанға тән сипаттарды тапса болады. Сонымен қатар адамға мал-жануарға тән сипат та жат емес. Мәселен, құлшылыққа берілсе адам Хақ Тағаланың разылығына лайық болады. Демек, иманы бар әрі ақылына ерген адам періштеге ұқсайды. Ал Хақ Тағаланың бар екенін мойындамастан күнә істеуді әдет еткен жағдайда адам баласы шайтан іспеттес болады. Бар мақсаты қарын тойдырып, шәһует ләззатына берілу болса, бұл жағдайда адам мал тәрізді болады.

Адам табиғатының ақиқаты осы. Демек, адам баласына жақсы да, жаман да тән екен. ал осының жігін айырып тұратын ахуал – адам баласының иманы мен ақылы. Яғни, ақылы мен қалауын дұрыс пайдаланған жағдайда адамның бойында жақсылық басым болады. Ал мұның нәтижесі тек Аллаһ Тағаланың разылы болмақ. Керісінше болған жағдайда пенденің соңы жақсы болмайды.

Нәпсі тек еркіндікті қалайды. Ал дін – нәпсіні тежегіш күш. Осы себептен дінді нәпсіге салынған кісен десек қателеспейміз. «Кісен» деген атау құлаққа жағымсыз болғанымен, бұл қажеттілік. Себебі, нәпсі еркіндігі күнә мен айыпты іске апарады. Бұл айтылғанға мысал ретінде тәуелсіздендіру (эмансипация), зайырлық және демократия сияқты құндылықтарымен жамылып, бір жыныстыларды некелеу, ойнастық пен араққорлық тәрізді адам табиғатына жат қылықтар кеңінен тараған «дамыған» Батысты келтірсе болады. Өзгеше болуы да мүмкін емес! Өйткені нәпсі қалауына ерген жағдайда еркек пен еркектің отбасы құруы әдеттегі іске айналады.

Нәпсіге еру жайында әңгіме қозғалса көз алдыңа еріксіз есалаң нақұрыстың бейнесі келеді. Өйткені есалаң үшін жалаңаш серуендеу, көлікті жүргізіп келе жатқан жүргізушінің мойынына мініп алу - әдеттегі нәрсе. Демек, нәпсіге еру – «болмайды» дегенді білмейтін есалаң нақурысқа тән сипат.

Шын мәнінде саналы адам «нәпсіге еру» еркіндігін қалайды. Осы жағдайда оның иманы мен ақылы «кісен» қызметін атқарады.

Біз қызығы қазақтың «ақыл» сөзі арабтың «عَقْلٌ» (ғақл) сөзінен туындаған. Ал «عَقْلٌ» (ғақл) сөзінің түбірі – «عقال» (ғиқол) сөзі. Әдетте, арабтарда «عقال» (ғиқол) деп түйені арқандайтын арқанды айтады.

Рас! Тыйым салынған жеміс дәмді болады. Ал нәпсі үшін тыйым салынған нәрсе қашанда тартымды көрінеді. Мәселен, сіз өсек-аянды тыңдағанды ұнатасыз. Өзгеше болмайды да! Өйткені өзгенің кемшілігі жайында естігенде сіздің бойыңызды «мен ондай емеспін. Менде ондай кемшілік жоқ» деген сезім билейді. Ондай кемшілік жоқ-ау. Алайда, одан өзгесі шаш етектен. Нәпсіге ұрлық жағымды. Өйткені ұрлық жасасаң баю үшін маңдай терін төгудің қажеті жоқ. Бір мезетте ақшалы-дүниелі болып шыға келесің. Нәпсіге ойнастық жағымды. Өйткені, ойнастық сіздің хайуандық шәһуетіңізді қанағаттандырады.

Иман қуаттаған ақылы арқылы мұндай «еркіндіктің» мәнісін ұғынған жағдайда көз алдыңа жәһаннам келеді. Дәл осы сезім иманды пенделерді ұрлық, парақорлық, ойнастық, араққорлық т.с.с. пәни дүниенің өткенші ләззатына берілуден тежейді.

Пәни дүниенің алдамшы ләззатын немен салыстырса болады? Мысал: сіз біреумен бір жыл бойы өз қалауыңыз бойынша өмір сүруге келісесіз. Келісімге сай жеңеніңіз алда, жемегеніңіз артта. Күнделікті жаңа киім. Әр түні қыз-келіншектер. Бірақ бұл уақытша. Бір ғана жыл. Бір жылдан соң сіз дарға асыласыз.

Қандай саналы пенде мұндай ләззатқа келіседі?! Соңы жантүршігерлік өлімге апарып соққан бұл қандай ләззат?! Алайда, қазіргі күні осының куәсі болып жатқан жоқпыз ба? Қанша адам дүниеге беріліп, Ақыретін ұмытқан. Қанша адам қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықсыз өткізіп жатыр? Қанша адам...?

Біздің ғұмырымыз – Хақ Тағаламен жасасқан сертіміз. Ғұмырымызтекке кетпесін деп Хақ Тағала бізге ақыл-сана берді. Осыдан соң сол ақылды өзінің зиянына пайдаланған пендені ақылды деп айтуға бола ма?

Арамызда күнә істемеген әрі одан ләззат алмаған адам жоқ. Бір кезде нәпсіге еріп таң намазын өткізіп алдық. Сол ұйқы ләззатынан не қалды?

Арамызда өзін зорлап болса да бір игі іс істемеген адам жоқ. Мәселен, біреуге кеңшілік ету, ашуын басу, айыбын бетіне баспау т.с.с. Сол сәтте нәпсіміз: «Ақыңды жіберме! Айыбын бетіне бас! Масқарасын шығар!»-деп шыңғырып жатты. Алайда, ауыр болса да біз сол сәтте нәпсіге емес, ақылға ердік. Сол ауырлықтан не қалды?

Нәпсіге еру ләззаты өтіп, нәтижеде Ақыреттегі жаза қалды. Жақсылық істеудің салмағы ұмытылып, соңында тек сауап жазылды.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға