Құранның бір тағылымы

Адам (ғаләйһис-саләм) жәннатта сынақ жемісін жеп әуреті ашылып қалғаны мәлім. Сонда Хақ Тағала оған тәубеге келуді және күнәсі үшін кешірім тілеуді үйретті.

Алла Тағала айтады:

لَقَّى آدَمُ مِنْ رَبِّهِ كَلِمَاتٍ فَتَابَ عَلَيْهِ إِنَّهُ هُوَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ

«Адам (ғаләйһис-саләм) Раббысынан кешірім тілеу сөздерін үйреніп тәубесіне келді. Ал Раббысы оның тәубесін қабыл етті. Өйткені ол – тәубені қабыл етуші және ерекше мейіріді». («Бақара», 37 аят)

Адам (ғаләйһис-саләм) тәубесіне келіп, кешірім тіледі. Қалайша?

رَبَّنَا ظَلَمْنَا أَنْفُسَنَا وَإِنْ لَمْ تَغْفِرْ لَنَا وَتَرْحَمْنَا لَنَكُونَنَّ مِنَ الْخَاسِرِينَ

«Уа, Раббы! Біз өзімізге-өзіміз зұлымдық еттік. Әлбетте, бізді кешірмесең және рахмет етпесең қасіретке ұшырағандардан боламыз». («Ағраф», 23 аят)

Сонда Хақ Тағала Адамның (ғаләйһис-саләм) тәубесін қабыл етіп, қатесін кешірді.

Бұл айтылғаннан қандай тұжырым жасасақ болады?

Біріншіден: пенде тәубеге Алла Тағаланың қалауымен келеді әрі Хақ Тағала пендесінің тәубесін қабыл етіп, күнәсін кешеді. Себебі Хақ Тағала – тәубешіл пенделерін ұнатып және оларды кешіргенді жақсы көреді.

Хақ Тағала баршамызға тәубеге келіп, рахметіне бөленуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Толығырақ ...

Құранды түсінемін десең...

Құранды түсінудің бірінші мәртебесі – аят сөздерінің мағынасын түсіну.

Құранды түсінудің екінші мәртебесі – аят сөздерінің мағынасымен қоса аят ұғымын түсіну. Құранда айтылғанға сай амал ету және дінмен өмір сүру осыдан туындайды.

Бірақ Құранды түсінудің екінші мәртебесі былай тұрсын, тіпті бірінші мәртебесінен мақұрым болған қаншама пенде бар. Мұның себебі баршылық. Мәселен, Ибн Қудама (родиял-лаһу ғанһу) осыған қатысты былай деген: «Құранды түсінуге кедергі болатын нәрсе:

- пенде күнә істеуде табанды болуы;

- тәкаппар болу;

- өзін құдайшыл көру.

Осының себебінен жүректі қараға қапталады».

Толығырақ ...

Әр нәрсенің сәт-мезеті бар!

Бірде Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметтің жетпіс мыңы жәннатқа есеп-қисапсыз кіретіні жайында айтқанда Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу): «Мен солардың қатарында болуымды тілеңізші!»,-деп өтінеді. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сен солардансың»,-дейді. Сол сәтте тағы біреу: «Мен де солардан болуымды тілеңізші!»,-деп өтінгенде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ғукәша сонен озып кетті»,-деп жауап береді. (Бухари, Муслим)

Қараңыз! Пәни мен жәннатты, есеп-қисап пен жәннаты болуды бөліп тұрған бір ғана сәт. Ол – Ғукәшаның (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Мен солардың қатарында болуымды тілеңізші!»,-деп өтіну мезеті. Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу) сол сәтке дөп түсіп, серігі кешігіп қалды.

Ғибрат! Ақырет ісінің бәрі осы тәрізді. Бір ғана мезет, қас қағым сәт!

Дәлел керек пе?!

Жәннаттың бір дәрежесінен екінші дәрежесіне көтерілудің арасы бір ғана сәт – бір аят оқысаңыз болғаны. Мысалы, «сод» немесе «ясин» деп! Болмаса жәннат дәрежелерінің арасы – 500 мыңдық жол. Ал қашықтықты пенде бір аят берекетімен бір сәтте өте шығады.

Бір көшет отырғызу үшін қанша уақыт керек? Ал жәннат көшеті – зікір, яғни тасбих, тәһлил және тәкбир. Пенде бір сәтте «субханал-лаһ», «әл-хамду лил-ләһ», «Аллаһу әкбар» десе болғаны лезде жәннатта соның көшеті пайда болады.

Қиямет мерзімі – 50 мың жыл. Бұл аз ба, көп пе? Нәпсіге еру себебінен Ақыретті ұмытқан және құлшылыққа немқұрайлы қараған адам үшін 50 мың жыл 50 мың жылдай көрінеді. Ал Хақ Тағаланың ықыласты пенделері үшін сол 50 мың жыл бір күн, бір сағат, бір мезет, тіпті ондай да болмайды. Бар мәселе – имандылық пен құлшылықтағы ыждағаттылықта әрі дүние уақытын Ақырет үшін барынша пайдалы қолдануда.

Алла Тағала баршамызға Ғукәша (родиял-лаһу ғанһу) тәрізді жәннатқа есеп-қисапсыз кіруімізді нәсіп еткей! Әмин!

Толығырақ ...

Өнегең өнегелі болсын!

Адамзатты негізгі екі топқа бөлсе болады: дұрыс және бұрыс өнегелі.

Дұрыс өнегелі адамның өнегесі екі дүние үшін де қайырлы болса, бұрыс өнегелі адамның өнегесі бір мезет, ары кетсе осы дүниемен шектеледі. Себебі бұрыстың болашағы болмайды!

Өмірде мүминдер үшін өнеге болған тұлға баршылық. Мысалы, 150 мыңға жуық күрделі мәселенің шешімін айтып кеткен имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ғаләйһи), фиқһ усулін (шариғат негіздерін) қалыптастырып кеткен имам шафиғи (рохматул-лаһи ғаләйһи), араб тілі грамматикасы саласында қайталанбас із қалдырған имам Сибауайһи (рохматул-лаһи ғаләйһи). Тағысы тағы бар...

Ендігі мәселе – өзіміз дұрыс өнегенің бастамасы бола алмасақта, тым болмағанда сол дұрыс өнегені өнеге ете білу.

Алла Тағала баршамызды тек жақсылыққа өнеге етсін! Әмин!

Толығырақ ...

Ғұмырың бекер өтсін демесең...

Алла Тағала «Хашр» сүресінің 18-19 аяттарында былай деген:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنظُرْ نَفْسٌ مَّا قَدَّمَتْ لِغَدٍ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ وَلَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ نَسُوا اللَّهَ فَأَنسَاهُمْ أَنفُسَهُمْ أُوْلَئِكَ هُمُ الْفَاسِقُونَ

«Уа, иман келтіргендер! Алла Тағаладан қорқыңдар! Әрбір жан ертең үшін не әзірлегенін көрсін. Хақ Тағаладан қорқыңдар! Расында Алла Тағала не істеп жүргендеріңнен хабардар. Біреулер Алла Тағаланы ұмытты. Сондықтан Хақ Тағала да оларға өз-өздерін ұмыттырды. Міне, солар – пасықтар».

Әрбір жан ертең үшін не әзірлегенін көрсін – демек, бұл дүние бекер емес. Мына пәни – амал, сынақ және Ақыретке әзірлік ету орны. Хақ Тағаланың «Расында Алла Тағала не істеп жүргендеріңнен хабардар» дегені осыған ишара.

Бірақ біреулер мына жалғанға ұмытып «Алла Тағаланы ұмытты», яғни Жаратушы Иесіне құлшылық етуден бас тартты. Сондықтан «Хақ Тағала да оларға өз-өздерін ұмыттырды», яғни құлшылықтан, сауапты амалдан және Ақырет әзірлігінен мақұрым етті. Ал мұның нәтижесі неге алып келеді? Ақыретін ұмытып, жалған дүниені қуған нәпсі құлына айналып күнәға белшеңінен батады.

Ал енді «Ясин» сүресінің 12-ші аятында Жаратушы Ие былай деген:

إِنَّا نَحْنُ نُحْيِي الْمَوْتَى وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا وَآثَارَهُمْ وَكُلَّ شَيْءٍ أحْصَيْنَاهُ فِي إِمَامٍ مُبِينٍ

«Рас, біз өлілерді тірілтеміз әрі олардың ілгеріде істеген және кейінге қалдырғанын жазып қоямыз. Біз барлық нәрсені анық бір кітапта түгендеп қойғамыз».

Яғни: Қияметте Алла Тағала барша жаратылғанды есеп-қисап үшін қайта тірілтеді. Сол мақсатта Хақ Тағала пенденің не істегенін тағдыр тақтасында жазып қойған – өлгенге дейін істегенін және кейінге мирас етіп қалдырғанын.

Сондықтан, құрметті халайық, мына пәниге алданбайық! Ғұмырымызды бекер өткізбейік! Құлшылықты ұмыт етіп пасық болмайық!

Толығырақ ...

Айт намазы қалай оқылады?

Айт намазы күн бір немесе екі найза бойы көтерілгеннен (яғни күн шыққан соң 15-20 минуттан кейін)бесін намазының уақыты кіргенге дейінгі аралықта оқылады.

Айт намазы екі рәкәғаттан тұрады.

Айт намазын оқу тәртібі: Намаз уақыты кіргеннен кейін жамағат намазға тұрады. Имам және жамағат тәкбир айтып, қол байлап, іштей сананы оқиды. Сосын имам да, жамағат та қолдарын түсіріп үш рет «Аллоһу әкбар» деп тәкбир айтады. Әр тәкбирде қол құлақ тұсына көтеріледі, тәкбирлердің арасында қол байланбайды. Үшінші тәкбирден соң қол байланып, имам жария «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқиды. Кейін рукуғ, сәжде жасалып, екінші рәкәғатқа тұрады.

Екінші рәкәғатта алдымен «Фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқылады. Кейін қол түсіріліп, тағы да үш рет тәкбир айтылып, қол құлақ тұсына дейін көтеріледі. Төртінші тәкбир айтылғанда рукуғқа кетеді. Рукуғтан соң рет бойыншасәжделер орындалып, әттаһийат, салауат, дұға оқылып, сәлем беріледі. Кейін имам мінберге шығып, айттың хұтбасын оқиды. Соңынан дұғалар оқылып, намаз бітеді.

Айт намазына кешірек келіп, имам сәлем бермей ұйып үлгірген кісі, айт намазына үлгірген болады. Бұл жағдайда кешігіп келген кісі, имам сәлем бергеннен кейін намазын толықтырады. Оған үлгірмеген кісі намаздан кешіккен болып, намаздың қазасын оқымайды. Сондай-ақ, намаздан кеш қалғандар арадан бір кісіні имам сайлап, жеке жамағатпен айт намазын оқуы дұрыс емес.

Айт намазы жұма намазы сияқты жамағатпен орындалады, бір жерде екі жамағат жоқ, ол жеке түрде оқылмайды. Бірнеше кісі қосылып, бөлек имам сайлап оқуға мұтлақ рұқсат жоқ.

Айт намазы оқылатын күні үйінде, не мешітте айт намазынан бұрын нәфіл намазын оқу – мәкрүһ. Бұл мәселеде ғұламалар арасында талас жоқ. Алайда кез келген нәфіл намазын айт намазынан кейін үйінде не басқа орында оқыса болады.

Толығырақ ...