Оразаның кәффараты

Оразаның кәффараты

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Бірде біз Нәбидің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жанында отырғанымызда біреу келіп: «Уа, Расулуллаһ! Мен құрыдым!»,-деді.

- Не болып қалды?

- Ораза бола тұрып әйеліммен қосылып қойдым.

- Құлды азат ете аласың ба?

- Жоқ.

- Екі ай үздіксіз ораза ұстай аласың ба?

- Жоқ.

- Алпыс міскінді тамақтандыра аласың ба?

- Жоқ.

Осыдан соң Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) күтіп отырды. Біз осылай отырғанымызда Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ішінде құрмасы бар үлкен себет алып келінді. Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Әлгі сұраушы қайда?»,-деді. Әлгі адам: «Ол менмін»,-деді.

- Мынаны ал да садақа ет!

- Уа, Расулуллаһ! Бұны менен кедейге берейін бе? Құдай ақы! Екі Харраның арасында менің жанұямнан кедей жанұя жоқ.

Сонда Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тісі көрінетіндей мөлшерде күлімсіреп: «Онда мұнымен өз жанұяңды тамақтандыр»,-деді». Бухари

Харра – қара тасты жер. Мәдинаның шығысы мен батысындағы Харрат Әл-Уақим және Харрат Әл-Уабара деп аталатын қара тасты екі жер бар.

Оразаны себепсіз бұзған адам оразаның кәффаратын өтейді.

Кәффарат – төлем, өтем.[1]

Оразаның кәффараты үш жолмен өтеледі:

1. Құлды азат ету. Бұл жағдайда құлдықтан азат етілетін адамның мұсылман болуы шарт емес.[2]

2. Құлды азат еткенге шамасы жетпесе екі ай үздіксіз ауыз бекітеді.[3] Ораза кәффаратын осы жолмен өтейтін адам алдымен қаза болған күндерін өтеп, кейін артынша екі ай ауыз бекітеді. Мәселен, бір күні қаза болса, алпыс бір күн, екі күні қаза болса, алпыс екі күн ораза ұстайды. Бұл мерзім айт және ташриқ күндеріне сәйкес келмеуі тиіс.

Зул-Хижжа айының бес күні, яғни Арафа күні мен кейінгі Құрбан айтының үш күні «Аййамут-Ташриқ» (ташриқ күндері) деп аталады. Бұл күндері парыз намаздарынан кейін ташриқ тәкбирі айтылады.

Ташриқ тәкбирі: «Аллоһу әкбар, Аллоһу әкбар. Лә иләһә илләл-лоһу, уоллоһу әкбар. Аллоһу әкбар уа лилләһил-хәмд».

Әйел адам кәффаратын өтеген жағдайда оразасын хайз күндерінде үзіп, кейін тазарған күннен жалғастырады. Сонымен қатар кәффаратын өтеп жатқан адам құлды азат еткенге шамасы келіп қалған жағдайда оразасын тоқтатып, құлды азат етеді. Бұл жағдайда оның құлды азат еткені алпыс күннің орнын басады.[4]

3. Әлсіздігі немесе науқас болу себебінен алпыс күн ауыз бекіте алмайтын адам алпыс міскінді[5] тамақтандырады.[6] Тамақтың мөлшері ретінде таңертеңгі және кешкі астың мөлшері алынады. Мұндай жағдайда бір уақытта алпыс міскінді тамақтандыру шарт емес. Уақыт және санын бөліп-бөліп толықтырса да болады. Мысалы, бір жағдайы келгенде он адамды, кейін тағы бір жағдайы келгенде жиырма адамды тамақтандырады. Айналып келгенде кәффараттың алпысын толтырса болғаны.



[1]қар. «Мәида» сүресі, 89 аят.

[2]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи». Ескерту: бүгінгі күні «құл, құлдық» деген жағдай да, атау да жоқ. Құдайға шүкір! Дегенмен, құлдықтан азат ету мәселесі шариғат кітаптарында қарастырылуы себебінен, мәлімет ретінде, бұл жайында оразаның кәффаратына қатысты тақырыпта айтып кетуге тура келеді. Ислам – адами құндылықтарға шақыратын дін. Соның бір көрінісі: оразаның кәффараты ретінде құлға азаттық беру. Осы жағдайды асыл дініміздің артықшылығы ретінде қабылдайық, құрметті мұсылман қауым!

[3]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

[4]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи». Ескерту: бүгінгі күні «құл, құлдық» деген жағдай да, атау да жоқ. Құдайға шүкір! Дегенмен, құлдықтан азат ету мәселесі шариғат кітаптарында қарастырылуы себебінен, мәлімет ретінде, бұл жайында оразаның кәффаратына қатысты тақырыпта айтып кетуге тура келеді. Ислам – адами құндылықтарға шақыратын дін. Соның бір көрінісі: оразаның кәффараты ретінде құлға азаттық беру. Осы жағдайды асыл дініміздің артықшылығы ретінде қабылдайық, құрметті мұсылман қауым!

[5]яғни, қаріп-қасер, кембағалды.

[6]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға