Укаша ата сахаба ма?

Укаша ата сахаба ма?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Түркістандағы Укаша ата сахаба деген сөз бар. Расында да Укаша ата сахаба болған ба?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Мәселені Ғұкәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) есімді сахабадан бастасақ.

Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) – Исламды бірінші болып қабылдағандардың бірі, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) заманында барлық ғазауатқа қатысқан сахаба, муһажир. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ғукәшаны (родиял-лаһу ғанһу) екі жасаққа қолбасшы етіп тағайындаған болатын. Бір мәрте һижри 6-шы жылы, екінші рет – һижри 9-шы жылы.

Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) «сен – жәннатысың» деген сүйінші хабарды алған сахабаның бірі.

Енді Ғукәшаның (родиял-лаһу ғанһу) қайтыс болу мәслесіне келер болсақ, ол Әбу Бәкрдің (родиял-лаһу ғанһу) заманында муртадтармен (діннен қайтқандармен) болған шайқаста 45 жасында шаһид болған.

Нақты деректерге қарағанда Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүниеден өткеннен кейін бір жылдан соң көз жұмған.

Енді Түркстан маңайындағы Укаша атаға келер болсақ, біріншіден: адамдар оны қай сахабамен байланыстырып жатқаны беймәлім.

Екіншіден: егер оны Ғұкәша ибн Михсанмен (родиял-лаһу ғанһу) байланыстырса, жоғарыда айтылғандай Ғұкәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) бірінші әділ халифа Әбу Бәкрдің (родиял-лаһу ғанһу) заманында қайтыс болғаны анық. Ал ол кезде мұсылман әскерлері Орта Азияға, соның ішінде Қазақстн жеріне келмеген болатын.

Үшіншіден: мүмкін Ғұкәша ибн Михсаннан (родиял-лаһу ғанһу) басқа «Ғукәша» есімді сахаба болған да шығар. Онда егер Укаша ата расында да сахаба болса, онда ол жайында нақты тарихи дерек болу керек еді. Ал біз білетініміз – жалаң сөз болмаса, Укаша атаның сахаба болғаны жайында ешбір тарихи мәлімет жоқ.

Ойландыратын тағы бір мәселе! Укаша атаның басындағы құдық Меккедегі Зәмзаммен байланысты-мыс. Оны кім тексеріпті? 

Осы жағдайда «анығын Алла Тағала біледі» дегеннен өзге ылаж жоқ.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға