Гугл-шейх болады дейді?!

Гугл-шейх болады дейді?!

Сұрақ: Ас-саләму аләйкум! Менің бір досым бар. Одан діни бір мәселені сұрасаң «қазір» дейді де гуглға кіріп жауабын айтады. Осындай жауапқа сүйенуге бола ма?

Жауап: Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Алла Тағала баршамызға һидаят берсін!

Діни бір мәселе туындаса жауапты гуглдан іздеу дертіне «жауапты гугл-шейхтен сұрау» деп диагноз қойса болады.

Жауапты гугл-шейхтен сұраудың бірнеше қауіпті жағы бар. Мысалы:

1. Сіз жауапты кім беріп жатқанын білмейсіз.

2. Тіпті сайтта «пәленше шейх» деп тұрғанымен соның өзі қасақана ұйымдастырылған бір айла болуы әбден ықтимал.

3. Он жерден гугл-шейх сұраққа мүдірместен жауап бергенімен, сіз жүздеген, тіпті мыңдаған жауаптың қайсысын таңдайсыз?

4. Осыдан келесі мәселе туындайды! Сіз таңдаған жауаптың дұрыс екеніне кім кепіл?

Бұл тізіді ары қарай жалғастырса болады. Алайда осы айтылғанның өзі жауапты гугл-шейхтен сұраудың қаншалықты қатерлі екенін көрсетіп тұр.

Ең дұрысы – интернет мәселесінде еліміздегі сенімді дерек көздеріне сүйенген жөн. Айтар болсақ муфтият.кз сайтына. Егер бір жауап қанағаттандырмаса онда сол муфтият.кз сайтына тіркелген өзге де сайттар арқылы сұрағыңызға жауап алсаңыз болады. 

Соңында айтарымыз! Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) заманында интернет, гугл-шейх болмаған. Сондықтан білімді, әсіресе дін ілімін жансыз аспаптан емес, тірі ұстаздан алған жөн. Міне, осы – сүннеттің нағыз өзі. Бұған Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) адам бейнесінде келіп, Пайғамбарымызбен (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) тізе тіресіп отырып иман мәселесін үйреткені өнеге бола алады!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға