Ата-анама мәңгілік қарызбын ғой...

Ата-анама мәңгілік қарызбын ғой...

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум!

Мен жоғарғы оқу орнының студентімін. Ислами сайттан оқығанмын әйел адам жұбайының рұқсатынсыз ешкімге ақша дүние мүлік бермеуі керек деп, ал мен жұбайыма айтпай, ай сайынғы шәкірт ақымның жартысын "ата-анама мәңгілік қарызбын ғой" деп, анама салып жүрмін және де тағы себебтері де бар отбасы жағдайына байланысты. Мұның дініміздегі шариғи үкімі қандай? Бұл әрекетім дұрыс па?

Жауап: Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Рас, әйел ерінің рұқсатынсыз ешкімге ешнәрсе бермеуі тиіс. Бірақ бұл мәселе ердің тапқанына қатысты. Ал әйелзат мал тауып, сонымен отбасын қамтамасыз етуге міндетті емес. Бұл – еркектің міндеті. Осы себептен әйел өзі тапқанын қалай пайдаланса да өз еркі. Дегенмен, мына мәселені ескерген жөн! Қазақта еркек – отағасы, әйел – оның адал жолдасы. Сондықтан әйел «тапқаным - өзімдікі» деместен қазақтың отбасы мәселесінде «екі жарты – бір бүтін» деген қағиданы ескерген жөн.

Қазақта әйел қашанда ерге бағынған әрі дәл сол қазақ шаңырақты, яғни ондағының бәрін біртұтас ортақ дүние көрген. Сондықтан сіздің жағдайыңызда абзалы – шәкірт ақыңыз жайында еріңізге айту. Әрине, содан соң жанжал тумайтын болса. Жанжалдан қауіптенсеңіз айтпаңыз және шәкірт ақыңызды анаңызға жіберуді доғарыңыз. Өйткені, әйтеуір бір кезде әңгіменің ұшы шықса қалай боларын білмейсіз ғой. Бұл – сіздің еріңізге деген адалдығыңыз болады.

Егер жанжал болудан қауіптенбесеңіз, еріңізге (бұрын ақша жібергеніңізді айтпастан) анаңызға аз да болса көмек беруді қалайтыныңызды айтып ақылдасыңыз. Кім біледі, еріңіз сізді қолдап кетер! Қандай болғанда да күмәнді әрі қауіпті жағдайдың алдын алған жөн.

Мына нәрсені естен шығармаңыз! Еріңіз – сіздің төреңіз. Оған барынша бойсұну – береке мен бақытты отбасылық өмірдің негізі. Әйел еріне бағыну – Алла Тағаланың талабы. Хақ Тағалаға бойсұнсаңыз барша ұайымыңыз шешіліп, мақсатыңызға жетуіңіз сөзсіз. Еріңізге бойсұнып адал болыңыз! Құдай қаласа, соның себебінен отбасылық ахуалыда оңалары хақ!

Сөз соңында айтарымыз – бұл жерде айтылғанның бәрі үзілді-кесілді пәтуа емес. Пәтуаны муфтият береді. Ал бұл – бар болғаны кеңес, насихат.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға