Әр жылы ораза ұстаймын ба?

Әр жылы ораза ұстаймын ба?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум!

Оразаны бір жыл ұстап келесі жылы ұстамасам, ұстаған уақыттағы ораза қабыл бола ма?

Жауап: Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Алла Тағала оразаңызды қабыл етсін!

Біріншіден: біздің міндетіміз – Алла Тағаланың әміріне бойсұну. Ал орындалған құлшылықтың қабыл болуы немесе болмау мәселесі Хақ Тағаланың еншісінде. Яғни, амалды қабыл ету-етпеуді Жаратушы Иенің өзі шешеді.

Хақ Тағаланың қалауы біз үшін ғажап! Өйткені Алла Тағала қаласа көп құлшылық еткенді өз қалауынша болмашы бір күнәсі үшін жазалауы мүмкін. Сонымен қатар күнәһар бір пендесін бір қайырлы ісі үшін жәннатқа кіргізуі де әбден ықтимал. Қандай болғанда да әрбір нәрсенің шешімі Хақ Тағаланың иелігінде. Сондықтан құлшылық еткен пенденің Алла Тағаланың кеңшілігі мен рахметінен үміттенуден басқа ылажы жоқ.

Екіншіден: мұсылман үшін жыл сайын Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Яғни, мойындағы қарыз. Сондықтан жыл ара емес, жыл сайын ораза ұстау керек.

Біздің дүниеге келудегі мақсат – бай немесе кедей, басшы немесе жұмысшы т.с.с. болу емес. Мақсат – иманды болып өту. Ал сол иманды болу мәселесіне құлшылықтың, соның ішінде әсіресе Рамазан айының оразасын ұстаудың ықпалы зор. Сондықтан ораза ұстаңыз!

Ораза ұстау, намаз оқу, жалпы құлшылық ету – Хақ Тағаланың пендесіне берген мол сыйы. Пенделердің ішінде бұл сыйға лайық болғаны да, мақұрым қалғаны да бар. Сіздің ораза ұстағаныңыз – Хақ Тағаланың сізді жақсы көріп иман сыйлағаны. Өйткені Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқанындай Алла Тағала дүниені жақсы көргеніне де, жақсы көрмегеніне де береді. Өйткені Хақ Тағаланың назарында дүниенің ешбір құны жоқ. Ал иманды тек жақсы көрген пендесіне нәсіп етеді. Сондықтан ораза ұстасағыныз – жақсылық нышаны. Сол нышаннан қол үзіп қалмаңыз!

Алла Тағала мына пәниден дүние және Ақырет қарызынан құтылғ,ан күйде өтуімізді нәсіп етсін! Әмин!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға