Ғайбат оразаны бұза ма?

Ғайбат оразаны бұза ма?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Оразаның кезінде кейде біреу-біреуді жамандағанын көресің. Сол оразаны бұза ма?

Жауап: Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Біреуді жамандау «ғайбат» деп айтылады.

Ғайбат – біреуді ол ұнатпаған сөзбен еске алу.

Негізі ғайбат ауыр күнәлар қатарына жатады. Себебі Құран ғайбатты бауырының етін жегенмен тең еткен. («Хужүрат», 12 аят)

Ғайбат – біреудің ар-намысына тию. Ал Пайғамбарымыз с.ғ.с. мұсылманның ар-намысына тиюды үлкен күнәға жақызған.

Ғалымдардың ішінде «ғайбат – оразаны бұзады» деген көзқарасты ұстағандары болған. Бірақ ақиқаты ғайбат оразаны бұзбағанымен, оразаның сауабын кемітеді. Ғалымдардың басым көпшілігі осы көзқараста. Тіпті ғайбат оразаны бұзбағанның өзінде, біреуді жамандау қылығынан сақтанған жөн. Себебі хадистің бірінде Пайғамбарымыз с.ғ.с. тозақта мыс тырнақтарымен өздерінің беті мен кеуделерін тырнап жатқан адамдарды көргені жайында айтылған. Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Бұлар кім?»,-деп сұрағанда Жәбрәил ғ.с.: «Ол – адамдардың етін жеген және өзгелердің ар-намысына тигендер»,-деп жауап берген. Егер ғайбат ауыр күнә болмаса жаман сөз айтқандар мұншалықты жазаға тап болмасы анық!

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға