Укаша ата сахаба ма?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Түркістандағы Укаша ата сахаба деген сөз бар. Расында да Укаша ата сахаба болған ба?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Мәселені Ғұкәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) есімді сахабадан бастасақ.

Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) – Исламды бірінші болып қабылдағандардың бірі, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) заманында барлық ғазауатқа қатысқан сахаба, муһажир. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ғукәшаны (родиял-лаһу ғанһу) екі жасаққа қолбасшы етіп тағайындаған болатын. Бір мәрте һижри 6-шы жылы, екінші рет – һижри 9-шы жылы.

Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) «сен – жәннатысың» деген сүйінші хабарды алған сахабаның бірі.

Енді Ғукәшаның (родиял-лаһу ғанһу) қайтыс болу мәслесіне келер болсақ, ол Әбу Бәкрдің (родиял-лаһу ғанһу) заманында муртадтармен (діннен қайтқандармен) болған шайқаста 45 жасында шаһид болған.

Нақты деректерге қарағанда Ғукәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) дүниеден өткеннен кейін бір жылдан соң көз жұмған.

Енді Түркстан маңайындағы Укаша атаға келер болсақ, біріншіден: адамдар оны қай сахабамен байланыстырып жатқаны беймәлім.

Екіншіден: егер оны Ғұкәша ибн Михсанмен (родиял-лаһу ғанһу) байланыстырса, жоғарыда айтылғандай Ғұкәша ибн Михсан (родиял-лаһу ғанһу) бірінші әділ халифа Әбу Бәкрдің (родиял-лаһу ғанһу) заманында қайтыс болғаны анық. Ал ол кезде мұсылман әскерлері Орта Азияға, соның ішінде Қазақстн жеріне келмеген болатын.

Үшіншіден: мүмкін Ғұкәша ибн Михсаннан (родиял-лаһу ғанһу) басқа «Ғукәша» есімді сахаба болған да шығар. Онда егер Укаша ата расында да сахаба болса, онда ол жайында нақты тарихи дерек болу керек еді. Ал біз білетініміз – жалаң сөз болмаса, Укаша атаның сахаба болғаны жайында ешбір тарихи мәлімет жоқ.

Ойландыратын тағы бір мәселе! Укаша атаның басындағы құдық Меккедегі Зәмзаммен байланысты-мыс. Оны кім тексеріпті? 

Осы жағдайда «анығын Алла Тағала біледі» дегеннен өзге ылаж жоқ.

Толығырақ ...

Кезінде білмей денеме наколка түсіріп қойыптым...

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Кезінде білмей денеме наколка түсіріп қойыптым. Ал Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) денесін таңбалағанды лағнеттеген екен. Енді не істеуім керек? Денемдегі наколканы кетіруім керек пе?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Алла Тағала сізді рахметіне бөлеген екен! Олай дейтінім – Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сөзіне мән бергеніңіз. Алла Тағала сізге разы болсын!

Денені таңбалау мәселесіне келер болсақ, рас Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) былай деген:

لَعَنَ الله الْوَاشِمَاتِ وَالمُسْتَوْشِمَاتِ

«Алла Тағала денесін таңбалаушы мен денесіне таңба түсірушіні лағнет етті». (Әбу Дауд)

Шариғат бойынша денеге таңба (наколка) салу – арам. Оған осы айтылған хадис дәлел. 

Білместіктен денесіне таңба түсіріп, кейін қателігін ұғынған адам бірінші мәселеде тәубеге келіп, Хақ Тағаладан қылығы үшін кешірім тілеу керек. Кейін реті келсе денесіндегі таңбаны кетірген жөн. Ал денедегі таңбаны кетіру денсаулыққа зарарлы болса, онда тәубе ету жеткілікті.

Толығырақ ...

Жартылай шомылып, намаз оқысам бола ма?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Мен І топтағы мүгедекпін. Түнде оянып көпке дейін ұйықтай алмай жатам. Денем қызады. Таһәжжүд намазын оқығым келеді. Бірақ денемді жауып оқуым керек. Осындай жағдайда денемді кіндікке дейін жауып, иықтарым ашық күйде намаз оқысам бола ма?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Алла Тағала сізге жеңілдігін нәсіп етсін!

Негізі жартылай шомылған болмайды. Сіздің жағдайыңызда ең абзалы – қажетті жағдайда таяммум алу. Себебі, сіз үзір иесі сияқтысыз. Яғни суды қоданалмайтын жағдайда таяммум алсаңыз да болады. Оған қоса айтқаныңыздан түсінгенім – шомылу сізге қиындық туғызатын сияқты.

Сізге бір нәрсені ескеру қажет! Расында да сізге толық шамылу мүмкін болмаса, онда таяммуммен намаз оқысаңыз болады. Сіздің жағдайыңызда таяммум ғұсылдың орнына жүреді.

Иықты ашып намаз оқу мәселесіне келер болсақ, басты мәселе әуретті жабу. Ал еркектердің әуреті – кіндік пен тізенің екі аралығы. Тек мүмкіндігінше денені барынша жапсаңыз болғаны. 

Алла Тағала дінге деген ықыласыңызды сауаптан жазсын! Әмин!

Толығырақ ...

Шаууәлдің алты күн оразасын қалай ұстаймыз?

Біріншіден: шаууәл айының алты күн оразасы ұстаудың белгілі күндері жоқ. Яғни, һижри күнтізбесі бойынша Рамазан айынан кейін шаууәл айы болса (29 немесе 30 күн), осы аралықта ұсталса болғаны.

Екіншіден: шаууәл айының алты күн оразасын тұтас ұстау шарт емес. Яғни, оны бір, екі, үш, төрт, бес немесе тұтас алты күн етіп ұстаса болады. Басты мәселе: шаууәл айының ішінде ұстаса болғаны. 

Үшіншіден: дегенмен, абзалы – Ораза айтынан кейін тұтас алты күн ұстау. Себебі, хадисте «кейін алты күн ауыз бекіткен» делінген.

Толығырақ ...

Мәһір мәселесі

Сұрақ: Ас-саләму аләйкум! Мен ағам мен нағашым барып қызға құда түсіп үйлендім. Дәстүр бойынша сырға салып, сақина алдым. Қазір үш балам бар. Сырға мен сақинаны қыздың өзіне таңдатып алдым. Ол маһір болып есептеле ма, әлде маһірге басқа бірдене алып беруім керек па?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Менің ойымша мәселенің шешімі сіз бен жұбайыңыздың келісімінде. Сіз сол сақина мен сырғаны мәһір ниетінде беріп, жұбайыңыз да оны мәһір ретінде қабылдаса, онда бергеніңіз мәһірге жатады.

Үйленгенде сіз де, жұбайыңыз да мәһір жайында білмеген болсаңыз, онда мәселенің шешімі – жұбайыңыздан сол бергенді мәһір ретінде қабылдай ма, қабылдамай ма, соны сұраңыз. Егер «иә, мәһір ретінде қабылдаймын» десе, онда мәһір мәселесі шешілгені. 

Сіздің мәселеңізді ҚСРО кезіндегі біздің ата-аналырымыздың отбасы құрумен салыстырса болады. Совет өкіметі кезінде неке болмаса да, жастар АХАЖ-ға барып үйленгенін тіркейтін. Неке қиюды ер мен әйелдің арасындағы қатынасты рәсімдеу деп қабылдайтын болсақ, Совет өкіметі дінсіздік дәуіріндегі АХАЖ-ғы некені ерлі-зайыптылардың қатынасын заңдастыруға жатқызса болады. Оған қоса ол кезде мәһір дегенді кім біліпті?

Толығырақ ...

«Қыдыр ата» деген кім?

Сұрақ:Ас-саләму аләйкум! Біреулер Қадір түні Қыдыр атаны күтіп жатады. «Қыдыр ата» деген кім? Оның қадір түніне қандай қатысы бар?

Жауап:  Уа аләйкумус-саләму уа рохматул-лаһи уа баракәтуһ!

Қасиетті Қадір түнін Қыдыр атамен байланыстыру – жаңсақ! Себебі, Қадір түні мұсылмандар ертегі бір атаны емес, бәлкім Алла Тағаланың рахметін күтумен өткізуі тиіс.

«Қыдыр ата» деген кім? – мәселесіне келер болсақ, шариғаттан және араб тілінен хабары болмаған жандар арабтың «қадр» сөзін «Қыдыр атаға» теліп түнді бір атаны күтумен әлек. Болмаса, қазақтың «Қыдыр» есімінің өзі «Хизр» есімді әулие кісінің атынан туындаған.

Оған қоса мұсылмандар жақсылықты жаратылғаннан емес, бәлкім Хақ Тағаладан күтеді. Тіпті біреу біреуге бір жақсылық істейтін болса, соның өзі Алла Тағаланың қалауымен болады. Сондықтан айналып келгенде біз бір пенденің емес, Жаратушы Иенің жарылқауына мұқтажбыз. 

Алла Тағала баршамызға осы ақиқатты түсініп-ұғынуымызды нәсіп етсін! Әмин!

Толығырақ ...