Ұят – жалаңаштанудан өледі

Ұят – жалаңаштанудан өледі

Соңғы кезде қыздарды жұрт алдында жалаңаштап «Ару» атандырудың аты өзгере бастапты. Бұрынғы «Арулар байқауы» туралы небір сын жазылып, ұятсыздықты тоқтату жайлы айтылмаған сөз қалмап еді. «Құрттың атын ол жақта малта қойыпты» дегендей, ендігі жерде «қыздарды жалаңаштап жарыстырудың» атауын басқашалап өткізу айласы ойлап табылыпты. Күні кеше Алматы облысының Есік қаласында сондай жарыс «Бәрінен де сен сұлу» деген атаумен ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың түсіндіруінше бұл өнер сайысы екен. Мақсаттары: «қазақ аруларының сұлулығы мен инабаттылығын паш етіп, ұлтымыздың салт-дәстүрін жаңғыртып, мәдени құндылықтарымызды арттыру мәдени құндылықтарымызды арттыру» көрінеді.

Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас» қой. Өнер сайысы атауымен сол бұрынғы жалаңаштану жарысы қайталанып жатыр. Қыздарды шешіндіріп қойып «сұлулық айқындау» мұнда да басты талап болған. Сонда жоғарыдағы мақсат қайда қалды? Сахнаға жартылай жалаңаш шыққан қазақ қыздары «инабаттылық» көрсетті ме? Дәл осындай «сайыс» ұлтымыздың салт-дәстүрін қалай жаңғыртады, мәдени құндылықтарымызды қалай арттырады? Қыздардың көйлектерін өз қолдарымен тігіп, Махамбет батырдың жырын жатқа айтқаны жақсы-ақ. Алайда, жұрттың алдында жалаңаш иық пен қара сандарын жарқылдатудан еш қымсынбаған қыздардың бойына ұятсыздықтың дәні өшпестей болып егіліп жатыр емес пе?

Осы тұста, ұятқа қатысты мамандар баяғыда дәлелдеп шықса да, жарияға көп ұсынылмайтын мына мәліметтерді тағы бір қайталауды жөн көрдік. Ақыл-есі бүтін туған әр сәбидің бойына Алла тағала ұятты қоса дарытады. Мамандар да дені сау адамның әу баста ұяты толық болатынын ғылыми-зерттеу нәтижесінде анықтап қойған. Оны адам миындағы саны 15 миллиардтан асатын «нейрон» клеткаларының ең нәзігі деп есептейді. Осы ең нәзік ұят клеткалары екі жағдайда бірінші болып түгі қалмай қырылып қалады екен. Бірі – алкоголды ішімдікті ішкен кезде, екіншісі – ұят саналатын істерді жұрт алдында ұялмай жасауға баланы қаршадайынан дағдыландырудан бастап жойылады екен.

Қазақ қыздарының жалаңаш сайысы өткен сайын біздердің үнсіз қала алмайтынымыз сол ғой. Жалаңаштанумен бірге Қазақ ұлтының ұяты қоса қырылып жатыр, дәтіміз қалай шыдайды…

Төлеген Жәкітайұлы,

Namys.kz

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға