Ораза тарихы

Ораза тарихы

Имам Әбу Дауд (рохматуллаһи ғаләйһи) риуаят еткен хадисте Муғаз ибн Жабәл (родиял-лаһу ғанһу) оразаның парыз болудың үш кезеңі жайында айтқан: Муғаз ибн Жабәл (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Әуелде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әр айда үш күн ауыз бекітетін және ашура күні ораза ұстайтын. Алла Тағала мына аятты түсірді: «Уа, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей санаулы күнде ораза ұстау парыз қылынды, мүмкін күнә істеуден сақсынарсыңдар! Ал сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер және шамасы келетіндер, бірақ қарттың не болмаса емделмейтін ауру себебінен ораза ұстамағандар бір міскіннің тамағын төлесін».[1] Бұл аяттар түсірілгеннен соң қалаған адам ауыз бекітетін, қалағаны ораза ұстамастан ұстамаған әр күннің есесіне бір міскінді тамақтандыратын. Бұл оразаның бір кезеңі. Кейін Хақ Тағала мына аятты түсірді: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы, ақ пен қараны айырушы ретiнде Құран түсiрiлген ай. Сендерден Рамазан айына жеткендер ораза ұстасын, ал ауру немесе жолаушы болғандар оразаны басқа күндерде өтесін».[2] Осыдан соң Рамазан айына жеткен адамға ораза парыз болды, сапардағы адам оразаны қаза етуіне және ауыз бекітуге шамасы келмейтін қарттарға ораза ұстамауға рұқсат етілді».[3]

Түсініктеме: имам Ахмад (рохматуллаһи ғаләйһи) риуаят еткен хадисте де Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Мәдинаға һижрат еткенде он жеті ай бойы, рабиғ әл-аууәл айынан Рамазан айына дейінгі аралықта әр айда үш күн ауыз бекітіп және ашура оразасын ұстағаны жайында айтылған.[4] Кейін алдымен «Бақара» сүресінің 183-184-аяттары, кейін 185-аяты түскеннен соң ораза муқим және денсаулығы бар адамға парыз болып, науқас және сапардағы адамға кейін қазасын өтеуге рұқсат етілді. Сонымен қатар ораза ұстай алмайтын қарттарға оразаның өтемі ретінде мұқтаждарды тамақтандыруға рұқсат етілді.

Хақ Тағала оразаны осылай рет-ретімен парыз етуінде ғибрат бар. Намаз да осылай үш кезеңмен парыз болған. Мас ететін ішімдікке де осылай рет-ретімен тыйым салынған. Осының барлығы Жаратушы Иенің пенделеріне деген рахметі мен ілтипатының белгісі.

Қортындылар болсақ ораза парыз болудың үш кезеңі болды:

1. Бастапқыда мұсылмандар әр айдың үш күнінде және ашура күні ораза ұстады;

2. Кейін ораза ұстауға және ұстамауға ерік берілді. Бірақ ораза ұстамағандарға міскінді тамақтандыру міндеттелінді;

3. Соңында ауыз бекітуге шамасы жететіндерге ораза парыз болып, қарт, науқас, жолаушы сияқты ораза ұстау машақатты болған адамдарға ораза ұстамауға, кейін ұстамаған оразаның қазасын өтеуге немесе өтемін беруге рұқсат етілді.



[1]«Бақара», 183-184 аят.

[2]«Бақара», 185 аят.

[3]‏سُنَنُ أبي دَاوُد، 28ت/28 م باب كيف الأذان؟، الحديث رقم 507

[4]«Муснадүл-имами Ахмад»

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға