Омар ибн Хаттаб (родиял-лаһу ғанһу) өмірінің соңғы сәттері

Омар ибн Хаттаб (родиял-лаһу ғанһу) өмірінің соңғы сәттері

Абдуллаһ ибн Зубайр (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен есімді білгелі бері Омар (родиял-лаһу ғанһу) пышақталған түнгі бізге жеткен қайғыдан гөрі ауыр қайғыны білмеймін». Бесін, аср, шам және құптан намаздарын жақсы халді бір адам оқып берді. Таң намазын дауысы бізге жат болған кісі оқып берді. Ол – Абдуррахман ибн Ауф екен. Намазды оқып болғанымыздан кейін: «Момындардың әмірі пышақталыпты»- делінді. Адамдар келіп қараса, ол кісі қанға боялып жатыр екен. Таң намазын әлі оқымаған екен. Оған: «Ей, момындардың әмірі, намаз, намаз» делінді. Сонда ол кісі: «Аллаһқа ант, намазды зая еткен адамға Исламда несібе жоқ»- деп, орнынан атып тұрмақшы болғанда, жараланған жерінен қан атқылап кетті. Сосын Омар радияллаһу анһу: «Ей, адамдар, бұл сіздердің көз алдарыңызда болды ма?»- деп сұрады. Али ибн Абу Талиб: «Жоқ, Аллаһқа ант, кім пышақтағанын білмедік»- деді де, Абдуллаһ ибн Аббасқа қарап: «Шығып адамдардан сұрастыр да, шындықты маған жеткіз»,- деді. Ол шығып келіп: «Ей, момындардың әмірі, Жәннатпен қуаныңыз. Халық арасында бірде-бір еркек те, әйел де қалмай, баршасы сіздің халіңізді естіп жылап жатыр. Сізге пышақ ұрған Абдул-Муғира ибн Шуъба екен. Ол сізбен қоса тағы он екі адамды пышақтапты. Олар да қанға боялып жатыр. Ей, момындардың әмірі, сізге жаннат құтты болсын!»- деді. Омар радияллаһу анһу: «Ей, ибну Аббас, бұнымен менен өзгені құттықта»- деді. Ол:» Неге бұлай демес екенмін? Аллаһқа ант, сіздің Исламға кіргеніңіз – мұсылмандарға абырой, қоныс аударғаныңыз – жеңіс, басшылық еткеніңіз - әділдік болды. Сондай-ақ зұлымдық құрбаны болдыңыз»- деді. Омар (родиял-лаһу ғанһу) ибну Аббасқа бұрыла қарап: «Аллаһтың алдында осыған куәлік бересің бе?»- деді. Ибну Аббас біраз кідіріп қалды. Қасында тұрған Али ибн Абу Талиб: «Иә, ей, момындардың әмірі, қиямет күні Аллаһтың алдында сіз үшін бұған куәлік береміз»,- деді. Сосын Омар (родиял-лаһу ғанһу) ұлы Абдуллаһқа қарап: «Ей, ұлым, бетімді жерге тигізіп қой»- деді. Ұлы Абдуллаһ айтады: «Мен әкемнің бұл сөзіне мән бермедім. Өйткені, бұл сөзді есін жоғалтқаннан айтып жатқан болар деп ойладым. Екінші рет тағы да: «Ей, ұлым, бетімді жерге тигізіп қой»- деді. Мен тағы да істемедім. Үшінші рет: «Сорың құрғыр, бетімді жерге тигізіп қой»- деді. Сонда мен әкемнің ақылы орнында екенін, жүрегі ашынғаннан айтып жатқанын білдім де, бетін жерге тигізіп қойдым. Топырақ арасынан көрініп тұрған сақалына қарап тұрдым. Ол жылап жатты. Тіпті топырақ лайланып, көздеріне жабысып қалғанын көрдім. Ол еріндері жыбырлап, бір нәрсе айтып жатты, жақындап барып тыңдасам: «Егер Аллаһ кешірмесе, онда Омардың соры құрсын»,- деп жатыр екен».

Жанәділ Раймбеков

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға