Кәпірдің жантәсілім сәті

Кәпірдің жантәсілім сәті

Кәпір мен залым адамның жантәсілім етуі аса ауыр жағдайда өтеді. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):

«Расында, кәпір пенде (Кейбір риуаяттарда «бұзық» деп келген.) дүниеден кетіп, Ақыретке барарында оған көктен жүздері қара түсті, дөрекі, қатыгез періштелер түседі. Олармен бірге тозақтан «масух» (Жүннен тоқылған қатты бөз, кенеп мата сықылды.) болады. (Періштелер) оның көз алдына келіп отырады. Одан соң өлім періштесі келеді де, оның бас жағына отырып: «Ей, сұмпайы нәпсі! Алланың ашу-ызасына қарай шық!» – дейді. Сол сәтте оның рухы денесінен (ағза-ағзасына) бөлініп тарап кетеді (Яғни ағза-ағзасын қуалап қашады.). (Өлім періштесі) оны сулы жүннің арасынан тікенекті бұтақ суырғандай етіп суырады. Онымен бірге қан тамырлары мен жүйке талшықтары бырт-бырт үзіледі», – деген.

Дегенмен бұл жағдайларды жаны шығып жатқан адамның қасындағылар байқамайды. Алла Тағала бұл сәтті Құранда сипаттап: «Жан жұтқыншаққа келген кезде сол уақытта сендер қарап тұрасыңдар. Негізінде, ол (өліп бара жатқанға) Біз жақынырақпыз. Бірақ сендер көрмейсіңдер», – деген. [«Уақиға» сүресі, 83-85 аяттар.]

Аятта баяндалғандай, біз үшін бұл жағдай көмес. Егер адам баласы бұл жайтты көзімен көрсе не сезінсе, оның өмірге деген құлшынысы мүлдем жоғалар еді. Алла Тағала: «Жоқ! Олай емес! Жан алқымға келген кезде (сонда): «Кім дем салады?» –делінеді. Ол, шын мәнінде, айырылу екенін сезеді. Балтыры балтырына айқасады. Ол күні Раббы жаққа айдалады»,– деген. [«Қиямет» сүресі, 26-30 аяттар.]

Сондай-ақ Бәдір шайқасында өлген мүшріктер жайлы Құран аяты келген. Онда Алла Тағала: «Періштелер, сондай кәпірлердің беттеріне, арқаларына ұрып: «Күйдіретін азапты татыңдар!» – деп жандарын алғанын көрсең! Бұл бұрынғы өз қолдарыңмен істегендеріңнің салдарынан. Алла құлдарына зұлымдық етуші емес», – деп баяндаған [«Әнфәл» сүресі, 50-51 аяттар.]. Ибн Кәсир және өзге де көптеген ғалымдар бұл сөздің жалпы кәпір атаулыға қатысты екенін айтқан.

Алла Тағала кәпірлердің жандарының қалай шығатынын және олардың өліммен арпалысуын: «Алланы жалғанға шығарған немесе өзіне ешбір уахи етілмесе де: «Маған уахи етілді», – деген және: «Аллаһ түсірген сияқтыны мен де түсірем», –дегеннен кім залымырақ? (Мұхаммед!) Залымдарды өлім арпалысында періштелер қолдарын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаға қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарына менменсігендерің себепті қорлаушы азаппен жазаланасыңдар», – дегенде бір көрсең!» – деп әңгімелейді. [«Әнғам» сүресі, 93-аят.]

Жанарбек Мағзамұлы

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға