БОЛАДЫ

БОЛАДЫ

Бұзылуы адамның

Көруінен болады.

Аллаһқа емес шайтанға

Еруінен болады.

Қарақшылық хан жолын,

Торуынан болады.

Жаманшылық Хақ ісін

Жоруынан болады.

Азу құлдың арлыға

Қозуынан болады.

Ақымақтық әдептен

Озуынан болады.

Ұятсыздық ұятты

Ашуынан болады.

Кедейшілік орынсыз

Шашуынан болады.

Құдайсыздық Құдайды

Танымаудан болады.

Хақ ісіне ақылды

Жанымаудан болады.

Менменшілдік көңілдің

Тасуынан болады.

Әлжеттілік әлінен

Асуынан болады.

Жемеңгерлік шүкірдің

Жоқтығынан болады.

Ақылсыздық қарынның

Тоқтығынан болады.

Мақтанпаздық құл өзін

Зорсынудан болады.

Такаппарлық басқаны

Қорсынудан болады.

Білімсіздік «білдім» деп

Марқаюдан болады.

Ілімсіздік сенімнен

Ортаюдан болады.

Нәпсіқорлық пенде өзін

Тектеместен болады.

Иман нұры жүректе

Көктеместен болады.

Өзімшілдік, озбырлық

Сараңдықтан болады.

Кісіліксіз надандық

Арамдықтан болады.

Жамандықты ұмытпау

Жамандықтан болады.

Жақсылықты ұмыту

Надандықтан болады.

Кекшілдік пен жаһылдық,

Білімсізден болады.

Қарсы шығу шындыққа

Ілімсізден болады.

Жігерсіздік жігерін

Жанымаудан болады.

Мұның бәрі Тәңірін

Танымаудан болады.

Солай!

Құл-Керім Елемес

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға