Logo
Басып шығаруға арналған нұсқасы

Әр нәрсенің ақиқаты бар

Әр нәрсенің ақиқаты бар

عن أبي الدرداء عن النبي صلى الله عليه وسلم قال: لِكُلِّ شَيْءٍ حَقِيقَةٌ وَمَا بَلَغَ عَبْدٌ حَقِيقَةَ الإِيمَانِ حتى يَعْلَمَ أَنَّ مَا أَصَابَهُ لَمْ يَكُنْ لِيُخْطِئَهُ وَمَا أَخْطَأَهُ لَمْ يَكُنْ لِيُصِيبَهُ

Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Әр нәрсенің ақиқаты бар. Пенде тағдырына жазылғаны болмай қоймайтынын және тағдырына жазылмағаны болмайтынын ұғынбайынша иманның ақиқатына жете алмайды».

Хадистi Әбу Дардадан (родиял-лаһу ғанһу) Имам Ахмад және Имам Табарони риуаят еттi.[1]

Ақиқат – иман, ақиқат – иман. Әрбір мұсылманның асыл арманы осы ақиқат иманға қол жеткізу, ақиқат иманның шырын дәмін сезіну. Бұл үшін не қажет? «Хақ Тағала – бар, Құран – хақ, пайғамбар – Алла Тағаланың хақиқи елшісі, Қиямет болары – рас» деп иман келтірумен қатар мүмин пенде жазмышқа иман келтіруі тиіс. Себебі тағдырға иман келтіру – иманның алты шарттарының бірі.

Біреулер бар Алла Тағаланың бар екеніне сеніп, Құранда айтылғаннан күмәнданатын. Тағы біреулер бар «мен – мұсылманмын» дей тұрып Қияметтің болатынына сенбейтін. Ал негізінде мұсылман мына алты нәрсеге шәксіз иман келтіруі тиіс:

1. Хақ Тағаланың бар екеніне;

2. Оның періштелеріне;

3. Кітаптарына;

4. Пайғамбарларына;

5. Ақырет күніне;

6. және жақсылық пен жамандық Алла Тағаланың белгілеуімен болатынына.

Демек, иманды пенде иманның ақықатына жету үшін тағдырға сенуі қажет. Ал «тағдырға сену» дегеніміз – жүректі ақиқат иман нұрымен нұрландыру, жақсылық пен жамандық Хақ Тағаланың белгілеуі, құдіреті, қалауы мен мірімен болады деп сену.

Дін тағдырға иман келтіруді міндеттеудің мәнісі – пендені Алла Тағалаға тәуекел етуге, тіршілігіне разы және қанағатшыл болуға, қиыншылыққа сабыр етуге ынталандыру.[2]

Аят мәселесіне келер болсақ, Алла Тағала айтады: «Жерге не болмаса сендерге жеткен қайғы-қасірет, Біз оны пайда етуімізден бұрын Ләухүл-Махфузда жазылған болады. Ақиқатында, бұл Хақ Тағала үшін жеңіл».[3]

«Қиыншылық біреуге өздігінен жетпейді. Жетсе, тек Алла Тағаланың қалауымен жетеді».[4]Осындай жағдайда тек иман ақиқатына жеткен адам ғана: «Әлбетте, біз Алла Тағаланың пенделеріміз. Ақиқатында, біз Оған қайтарыламыз»,-дейді.[5]Мұның есесіне: «Олар үшін Раббыларынан кешірім мен кеңшілік нәсіп етіледі».[6]



[1]‏مجمع الزوائد للحافظ الهيثمي، 31 - كتاب القدر، 11 - باب الإيمان بالقدر، الحديث رقم 11833

[2]‏تحفة الأحوذي

[3]«Хадид» сүресі, 22 аят.

[4]«Тағабун» сүресі, 11 аят.

[5]«Бақара» сүресі, 156 аят.

[6]«Бақара» сүресі, 157 аят.

© Барлық құқық заңмен қорғалған 2014