Құрбандықты кім бауыздайды?

Құрбандықты  кім бауыздайды?

Құрбандық шалу – өте сауапты құлшылық. Осы себептен құрбандықты қолынан келсе құрбандық иесі бауыздағаны абзал. Болмаса сенімді мұсылман бауыздай береді. Бұл жағдайда малдың иесі жанында тұрғаны абзал.[1] Себебі, бұл мәселеге қатысты пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) қызы Фатимаға (родиял-лаһу ъанһа) былай деген: «Уа, Фатима, құрбандығыңның жанына бар. Малың шалынып жатқанда өзің де сол жерде бол! Себебі, малдың әуелгі қан тамшысымен бірге барлық күнәларың кешіріледі».[2]

Құрбандықты өзге діндегілерге бауыздату дұрыс емес.[3]

Мал иесі құрбандықты өзге біреуге бауыздатқан жағдайда, бауыздағанның ақысын құрбандыққа шалынған малдың етінен бермейді.[4] Алайда, малды бауыздаған кісіге бауыздағанның ақысынан бөлек құрбандыққа шалынған малдың етінен садақа берсе рұқсат.[5]

Тақырыпқа қатысты ерекше ескертетін екі мәселе бар. Оның біріншісі: «Құрбандығын өзі бауыздамаған адам малды бауыздап жатқан адамның қолынан ұстап тұру керек екен»-деген сөз. Екінші мәселе: құрбандықтың басында Құран оқу. Бұл екі істің шарғи негізі жоқ![6]

Екі адам қателесіп бір-бірінің қойын бауыздап қойса, оқасы жоқ. Бұл жағдайда айып төленбейді, әрі басқа сатып алынбайды. Себебі, екі мал да құрбандық ниетімен алынған. Тек мал бауыздалғаннан кейін әркім өз малын алады. Бауыздалып еті жілік-жілікке бөлініп қойған жағдайда да осылай болады.

Егер малдары ауысып кеткені құрбандықтың еті желігеннен кейін анықталса, екі жақ бір-біріне өз ақысын кешіреді.

Егер құрбандыққа аталған мал қашып кетіп, орнына басқа мал алынғаннан соң жоғалған мал табылып қалса, құрбандыққа екеуі де шалынады. Себебі, екі мал да: «Құрбандық шаламын»-деген нәзір мәселесіне кіріп тұр.



[1]«Әл-Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2]Ъимран ибн Хусайннан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Әл-Хаким риуаят етті. («Әд-Дурүл-Мансур фит-тафсири бил-ма`асур»)

[3]«Әл-Һидая», «Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[4]«Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[6]«Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаъа».

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға