Түйе және ірі қара малдың еті қалай бөлінеді?

Түйе және ірі қара малдың еті қалай бөлінеді?

Шариғат бойынша түйе мен ірі қара малды жеті адам бірігіп құрбандыққа шалса болады.[1] Бұл мәселеде Жәбир ибн Абдуллаһтың (родиял-лаһу ъанһу) риуаяты дәлел.

Жәбир (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Худәйбия жылы біз Расулуллаһпен (солләл-лаһу ъаләйһи уә салләм) бірге құрбандық шалған болатынбыз. Сонда жеті адамнан бірігіп құрбандыққа түйе мен ірі қара мал шалынды».[2]

Біріккендер саны жетіден аз болса оқасы жоқ, бірақ жетіден асқаны дұрыс емес.[3]

Бірігіп сойылған түйе және ірі қара мал еті таразыға тартылып, тең бөлінеді.[4] Яғни, қанша адам біріккен болса, әрбіріне тең үлес берілуі тиіс. Бұл – шарт. Бұл тым нәзік мәселе. Осы себептен көзбен өлшеп шамалап бөлуге болмайды. Болмаса бір-бірінің ақысын жеген болады.

Құрбандық ету таразыға тартылып бөлінген жағдайда малдың бас, тұяқ, терісін біреудің үлесіне қосылады. Себебі, оны бөліп тарту мүмкін емес. Дегенмен, ең дұрысы – біріккендердің атынан мұқтаж біреуге құрбандық еті ретінде беріп, кейін қалған етін таразылап бөлү.

Мал сойылғаннан кейін біріккендердің арасында түсінбеушілік тумау үшін малды сатып алудан бұрын ақша, ет мәселесін өзара келісіп алған дұрыс.[5]

Біреу өзгелермен қосылып құрбандық ету ниетімен мал сатып алып, кейінен соған серік ісздеуі дұрыс емес. Абзалы – сатып алудан бұрын бірігу. Бірақ: «Өзім құрбандық етемін»-деген ниетпен сатып алып, сол сатып алынған малға өзгелер қосылса қате болмайды.

Бұл жерде бар мәселе ниетте болып тұр. Бірінші жағдайда: «Сатып аламын, кейін қосылатын адам іздеп табамын»-деген ниет болып тұр. Ал екінші жағдайда: «Тек өзім соямын»-деген ниет. Көріп тұрғанымыздай екі ниет екі түрлі.

Егер біріккендердің бірі құрбандық шалынбастан бұрын қайтыс болып кетсе, оның мирасқорлары: «Құрбандықты соның және өз аттарыңнан шала беріңіз»-десе, дұрыс болады. Себебі, адам өзгергенімен мақсат өз қалпында.

Бұл жағдайда жантәсілім болған адамның мирасқорлары еттен өз үлесін талап етуі дұрыс емес. Кәпір туысы талап етсе де солай. Себебі, мирасқорлықта кәпір туыс есепке алынбайды.

Біреу о дүниелі болып артында әйелі мен ұлы қалса, ұлы әкесінен қалған жалғыз түйені құрбан ете алмайды. Себебі, шариғат бойынша ердің әйеліне мирастың сегізден бірі тиесілі болады. Ал сегізден бір бөлігі жеті бөліктен аз. Яғни, бұл жерде үлес теңдігі болмай тұр.



[1]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2]Жәбирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті. («Сахиху Муслим», «Хашиятус-Санади ъалән-Насаи»)

[3]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[4]«Мухтасарүл-Қудури», «Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[5]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға