Имам: Оразаны тек арықтау үшін ұстау өрескел қате

Имам: Оразаны тек арықтау үшін ұстау өрескел қате

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы оразаның пайдасы мен ерекшеліктерін атап берді деп жазады aktobenews.kz.

Оразаның пайдасы

Дініміз Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза ұстау.

Біз оразаны қандайда бір материалдық пайданы күйттеп, немесе тек қана денсаулығымыздың жақсаруы үшін ұстамаймыз. Ең әуелі Алланың әмірі болғандығы үшін және Оның разылығына бөлену үшін ұстаймыз.  Ораза осы ниетпен ұсталғанда ғана қабыл болмақ.

Ораза күнәлардан тазартады

Ораза — нәпсінің (эго) тойымсыздығынан туындайтын азғындықтан, оның жаманшылығынан сақтайтын және күнәларымыздың кешірілуіне бірден-бір себепкер болатын маңызды құлшылықтың түрі.

Тозақ — кәпірлердің һәм күнәһарлардың мекені екендігі белгілі. Олай болса, Алланың разылығын күйттеп ораза ұстаған пенде, Алланың қалауымен тозақтан аман қалып, жәннатқа кіреді.

Ораза — денсаулық кепілі

Алла Тағала адамзатқа зиянды нәрселерді әмір етпейтіндігі бесенеден белгілі. Осыдан 14 ғасыр бұрын ардақты Пайғамбарымыз: «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады» деген болатын. Қазір тіпті мұсылман емес медицина саласының ғалымдары да осы бір ақиқатты мойындап, адамдарды ашығу жолдарымен емдеу үшін сан түрлі клиникалар ашуда. Бұл  ораза ұстаудың қаншалықты денсаулыққа пайдалы екендігін көрсетеді. Ораза, яғни ашығу қант ауруына тосқауыл болып, қанның қоюлануының алдын алады. Ашығу арқылы жаңа жасушалар пайда болып, ескілері жойылады. 

Алайда, кейбір мұсылмандар өрескел қателікке барып, оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп ұстауы дұрыс емес. Неге о бастан ниетіңізді түзеп, жалғыз Алланың разылы үшін, парыз болғандығы үшін деп ораза ұстамасқа. Сонда Алланың разылығын да алады, деннің саулығы да сақталады.

Пікір жазу

Керек жерлердің бәрін (*) толтырғандығыңызға көз жеткізіңіз.
HTML-кодтарға тиым салынған

Жоғарыға