Қадір түнінің артықшылықтары

1. Бұл түні Құран түсірілген.

2. Қадір түні мың айдан абхал.

3. Бұл түні жер бетіне Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) бастаған періштелер түсіп, таң атқанға дейін мұсылмандар үшін дұға етеді.

4. Қадір түні – амандық түні.

5. Қадір түнінде сауап үмітімен ықыласпен пенденің күнәлары кешіріледі.

6. Қадір түні әрбір пенденің болашақ тағдыры дүние аспанына түсіріледі.

Толығырақ ...

Пітір садақаның мәні

Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) пітір садақасын ораза ұстаған адамның айтқан жаман сөз бен бос сөздің өтемі және міскіндерді астандыру ретінде міндеттеді. Кім пітір садақасын айт намазынан бұрын берсе, ол – қабыл болған садақа. Ал кім оны айт намазынан соң берсе, ол – жай садақаның бірі». Ибн Мажәһ

Күнәсіз пенде болмайды! Себебі күнә істеу – адам табиғатына тән.

Әркім Алла Тағаланың талабына шама-шарқына бойсұнады. Күнәні айтар болсақ, одан әрбір мұсылман барынша аулақ болуы тиіс. Дегенмен күнәсіз пенде болмайды. Яғни, пенде қандай болғанда да, біліп-білместен болсын күнә істейді. Бұл – ақиқат! Бұл мәселеге қатысты Имам Муслим (рохматуллаи ғаләйһи) Әбу Заррдан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен құдси хадисте Алла Тағала: «Уа, құлдарым! Мен тура жолға салған пендемнен өзгелерің адасудасыңдар!»,-деген.

Біреулерге намаз оқы десең: «Зато менің жүрегім таза!»,-деп ақталады. Мұндай «сүттен ақ, қардан таза» азаматтарымыз ренжімесін – олар өзін күнәдан тазамын дегеннің өзі күнә!

Мына мәселені түсінген жөн! Хақ Тағала жүрегіміз, яғни пейіліміздің таза болуын талап етеді. Алайда Құранда: «Жүректерің таза болса болғаны. Жүректерің таза болғандар намаз оқымасын, ораза ұстамасада болады»,-деген жері жоқ. Жүрек таза болу бір мәселе, ал Хақ Тағаланың талабын орындау – ол бір мәселе!

Осы айтылған ораза ұстаған адамға да қатысты. Қазақ: «Басқа келер он пәленің тоғызы – тілден»,-деп бекер айтпаған. Пендені күнәға ең жиі ұрындыратын мүше – қызыл тіл. Хадисте айтылғандай оразашының тілімен істеген күнәнің өтемі пітір садақа болады.

Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) пітір садақаны міскіндерге беру жайында айтты. Мұның мәнісі: пітір садақа – жетім-жарлы, мұқтаждың ақысы.

Пітір садақасы қабыл болудың шарты – ол айт намазынан оқылмастан бұрын берілуі тиіс. Садақаның қабыл болғаны – Хақ Тағала соған сай сауапты нәсіп еткені. Ал айт намазына дейін берілмеген садақа әдеттегі жай садақаға айналады.

Толығырақ ...

Пітір садақасын кім береді?

Ибн Омар (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мұсылман құл және азат, ер және әйел, бала және үлкен үшін бір сағ құрма немесе бір сағ арпа мөлшерінде пітір садақасын беруді міндеттеп, оны адамдар айт намазын оқудан бұрын беруді бұйырды». Бухари

Сағ – мөлшер көлемі.

Бидайдың құны жылсайын өзгеруіне байланысты, ҚМДБ пітір-садақаның құнын нақтылап жариялап отырады. Мысалы, биылғы пітір садақа көлемі – 370 теңге.

Қазақта «пітір» ретінде қалыптасқан садақа шариғатта «пітір зекеті» деп аталады.

Пітір садақасы үш шартпен міндетті болады:

- мұсылман болу;

- Рамазан айына жету;

- пітір садақасы міндетті болатын мал-дүниенің иесі болу.

Құл үшін пітір садақаны иесі төлейді.

Пітір садақаны отағасы - жанұясы үшін, ата-анасы – баласы үшін, баласы – ата-анасы үшін берсе болады.

Пітір садақаның ақшалай мөлшерін шариғат талабына сай Діни басқарма белгілейді.

Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап берсе болады. Пітір садақа берудің ақырғы шегі – айт намазын оқудан бұрынғы мезет.

Ескерту! Пітір садақасын беруді ақырғы мерзіміне дейін созбаған абзал. Өйткені тақалған кезде бір себептермен пітір садақасын бере алмай қалуыңыз ықтимал. Мәселен, пендешілікпен ұмытып болса да!

Айта кететін мәселе! Құрсақтағы бала үшін пітір садақасын беру міндетті емес. Дегенмен әйел аман есен босансын деген ниетпен садақа берсе болады.

Толығырақ ...

Ақырет есебіне шорқақ екенбіз!

Кеше: «Қадір түнінің бір минут құлшылығы қанша сағат, күнге тең?»,-деген сұрақ берген болатынбыз. Өкінішке орай, осы сұраққа ешкім жауап бермеді.

Енді назарларыңызға осының есебін ұсынамыз!

Алла Тағала «Қадр» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы»,-деді. Яғни, Қадір түніндегі кез келген құлшылық үшін кемінде мың  ай бойы орындалған құлшылықтың сауабы беріледі.

Қалайша?

Бір жылда 12 ай бар. 1000 айды 12 айға бөлетін болсақ, 83,333 жыл болады.

Бірақ бізге керегі Қадір түніндегі бір минуттың мөлшерін білу. Бұл есептің шешімі:

1 тәулікте 1440 минут бар.

Оразаның мөлшерін 30 күн деп алайық. Себебі, ай санағы бойынша бір айда 29 немесе 30 күн болады. Есебіміздің негізі ретінде 30 күнді алатын болсақ, 1440 минутты 30-ға көбейту керек: 1440 х 30 = 43 200 минут.

Енді 43 200 минутты 1000-ға көбейтеміз: 43 200 х 1000 = 43 200 000 минут.

Келесі мәселе, қазіргі уақытта түннің ұзақтығын анықтау керек! Астананы алар болсақ, мұнда түннің ұзақтығы 375 минут (сағат 21-02 ден 03-17-ге дейінге аралықта).

Енді 43 200 000 минутты 375-ке бөлеміз: 43 200 000 : 375 = 115 200 минут.

Яғни, Қадір түнінің есебі бойынша (түн мың айдан қайырлы) бұл берекелі түнде 1 минут құлшылық үшін 115 200 минут құлшылықтың сауабы жазылады екен.

Енді 115 200 минутты 60 минутқа (сағат ұзақтығы) бөлетін болсақ, сағат есебі шығады: 115 200 : 60 = 1920 сағат.

Егер 1920 сағатты 24 сағатқа бөлсек тәулік саны шығады: 1920 : 24 = 80 тәулік.

Тұжырым:Қадір түніде бір минут құлшылық үшін:

Құдай қаласа, 115 200 минут (1920 сағат немесе 80 тәулік) бойы орындалған құлшылық сауабы жазылады екен!

Алла Тағала баршамызға осыдан артығын нәсіп етсін! Әмин!

Есеп дұрыс па? Тексеріп көріңіздер! Қателесуім де мүмкін!

Толығырақ ...

Иғтикәфқа қатысты хадистер

Абдулла ибн Омар (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазанның соңғы он күндiгiнде мешiттен шықпайтын». Бухари

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әр жылы Рамазан айында он күн бойы иғтикәфта болып, соңғы жылы иғтикәфта жиырма күн болды». Бухари

Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) о дүниелі болғанға дейін Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикәф ететін, сонан соң оның әйелдері иғтикәф ететін». Бухари

Толығырақ ...

ИҒТИКӘФ

Иғтикәф сөзiнiң тiлдiк мағынасы – бiр iске бiлек түрiп кiрiсу, оған шынайы берiлу. Шарғи мағынасы – белгiлi бiр уақытта бес уақыт намаз жамағатпен оқылатын мешiтте ғибадат ниетiмен болу. Әйел кiсiлердiң иғтикәф орны – үйi.

Рамазан айының соңғы он күнiнде иғтикәф ету – сүннет. Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) әр жылда Рамазан айының соңғы он күнiн мешiтте иғтикәфта өткiзген. Иғтикәфты тек Рамазан айында ғана емес, он екi айдың кезкелген уақытында орындауға болады. Иғтикәфтағы мақсат – Алла Тағаламен оңаша қалып, Оған құлшылығын орындау. Ораза бола тұрып, иғтикәфта болу – амалдардың сұлтаны.

Иғтикәфта болған адамға:

1. Басқа мешiтте намазын оқу үшiн;

2. Дәрет сындыру үшiн;

3. Мешiтте қалу қауiптi болса;

4. Мешiтте жамағатпен бес уақыт намаз оқу тоқтатылған жағдайда – мешiттен шығуға болады. Себепсiз, аз уақытқа болса да мешiттен шығу, әйелiмен жыныстық қатынас жасау – иғтикәфты бұзады. Сонымен қатар Иғтикәфта болған адам: iшедi, жейдi, ұйықтайды, қажет болған жағдайда тиiстi орынға барып жуынып – шайынады, қырынады. Тек жақсы сөз айтады. Ең сауапты Иғтикәф үш мешiтте болады. Ол: Мекке, Иерусалимдегi Ақса және Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) мешiттерiндегi иғтикәф.

Толығырақ ...