Айт күні ораза ұстамау

Әбу Сағид Әл-Худри (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Ораза айт және Құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салды». Бухари

Екі айтта ауыз бекіту – макрүһ.

Макрүһ – жек көрінішті. Шариғатта: шариғат орындалуын дұрыс көрмеген амал.

Макрүһ оразаның екі түрі болады: макрүһ тахрим және макрүһ тәнзиһ.

Тахрим – тыйым салынған. Шариғатта: арамға жақын амал. Мысалы, үтір уәжіп намазын оқымау.

Макрүһ тахримнің үкімі: оны істеуші арам істі істегендей болып, жазаға лайық болады.[1]

Тәнзиһ – жеңіл. Шариғатта: дәрежесі макрүһ тах-римнен біршама төмен болғанымен, орындаудан сақ-тану керек болған амал. Себебі макрүһ тәнзиһ амал-дың сауабын кемітіп, дәрежесін түсіреді. Мысалы, дә-ретте ауызды сүннетке сай үш рет емес, екі рет шаю.

Макрүһ тәнзиһтің үкімі: оны істемеген адам сауапқа ие болса, істеген жазалы болмаса да, жазғыруға лайық.[2]

Тәнзиһ және тахрим оразаларына келер болсақ, макрүһ тәнзиһ оразаға, мысалы жылбойы үздіксіз ұсталатын ораза жатады.[3] Макрүһ тахрим оразасына екі айт күні ұсталған ораза жатады.[4]



[1]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

[2]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

[3]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

[4]«Фиқһүл-ғибадат ғаләл-мазһабил-ханафи»

Толығырақ ...

ҚАДІР ТҮНІ ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА

Айша анамыз (родиял-лаһу ғанһа) айтады: «Мен: «Уа, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Мен Қадір түні болғанын білсем, не деп дұға етуім керек?»,-деп сұрағанымда, ол (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Уа, Тәңірім! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені ғафу ет!»,-деп тіле»,-деді». Тирмизи

Көп дұға ету – Қадір түні істелетін мустахаб амалдың бірі.

Ғалымдар бұл хадиске қатысты былай деген: «Қадір түні осылай көп дұға ету – мустахаб. Сонымен қатар Құран оқу, басқа да дұғаларды айтумен тілек ету де мустахаб амалына жатады». Сонымен қатар Суфйан Сәури (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Құлшылықтың басқа түрімен шұғылданғаннан көрі, бұл түнді дұға етумен өткізген абзал»,-десе, Ибн Ражәб (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Тек дұға ету емес, бәлкім басқа да құлшылық түрлерін орындаған жөн. Мысалы Құран оқу, намаз т.с.с. Себебі Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) осының барлығын істеген»,-деп айтқан. Екі пікірдің осы пікірі дұрысқа жақын!

Толығырақ ...

Дүниедегі ең бақытсыз жан!

Әнас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Рамазан айы кіргенде Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Сендерге Рамазан айы келді. Онда мың айдан да артық бір түн бар. Сол түннен мақрұм болған, барлық игіліктен мақрұм болғаны. Ал оның игілігінен тек ең бақытсыз жандар ғана мақрұм қалады»,-деді». Ибн Мажәһ

Расында да Қадір түнінің жақсылықтан мақрұм болған жанның бақытсыздығында қандай күмән бар? Қаншама қызметкер тиін-тебен үшін түнімен көз ілмейді. Ал сексен жылдық сауап үшін бір айдың түнін құлшылықпен өткізудің не қиындығы бар?! Ақиқатында жүрегімізде ықылас болса оның бір емес, жүз түн ұйықтамаған болар едік. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Хақ Тағаланың уәдесіне кәміл сену себебінен түнде аяқтары ісініп кететіндей деңгейде ұзақ намаз оқуының бір сыры осында! Біз Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) есімін атап, өзімізді Оның (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметіміз дейміз. Алайда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) істеген амалдарының мәнісін ұғынған жандар, оларды орындап, бүкіл үммет үшін өнеге болып кетті. Бұл мәселені жүрекпен ұғынған жөн. Шын ықылас болған жағдайда таудан бал өзендерін қазу қиынға соқпайды. Мәселен, Омар (родиял-лаһу ғанһу) құбтан намазынан кейін үйіне келіп, таң атқанға дейін намаз оқуына және Осман (родиял-лаһу ғанһу) күні бойы ораза ұстап, түнімен намаз оқуына не себеп? Осман (родиял-лаһу ғанһу) түннің бастапқы бөлігінде біршама көз ілетін. Түннің қалған бөлігінде намаз тұрып, бір рәкәғатында Құранды хатым ететін. «Шархүл-Их`йада» Әбу Толиб Макки (рохматул-лаһи ғаләйһи) мен бір топ табиғиндерден (рохматул-лаһи ғаләйһим) Осман (родиял-лаһу ғанһу) құбтан намазында алған дәретпен таң намазын оқитыны расталған. Хазірет Шаддад (рохматул-лаһи ғаләйһи) түнімен көз іле алмай: «Я, Аллаһ Тағала! Тозақтан болған қорқыныш ұйқымды қашырып жіберді»,-деп шығатын. Асуад ибн Язид (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазанда тек ақшам және құбтан намазының арасында аз ғана ұйықтап алатын. Саъид ибн Әл-Мусаййаб (рохматул-лаһи ғаләйһи) елу жыл бойы таң намазын құбтан намаздың дәретімен оқитыны жайында айтылған. Силәх ибн Аш`йам (рохматул-лаһи ғаләйһи) түнімен намаз оқып, таң атқанда: «Я, Аллаһ Тағала! Мен Сенен жәннатты тілегенге лайық емеспін. Менің бір ғана өтінішім бар. Мені тозақ отынан сақташы!»,-деп дұға ететін. Хазірет Қатада (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан бойы әр үш түнде Құранды хатым етсе, соңғы он күндігінде әр түні бір рет Құранды хатым ететін. Имам Әбу Ханифа (рохматул-лаһи ғаләйһи) қырық жыл бойы таң намазын құбтан намаздың дәретімен оқыған. Бұған сенбеу – тарихқа сенбеу болып табылады. Имам Әбу Ханифадан (рохматул-лаһи ғаләйһи) түс мезгілде сәл ғана көз іліп: «Хадисте түсте ұйықтап алсын деп айтылған»,-дейтін. Оның (рохматул-лаһи ғаләйһи) тіпті ұйқысының өзі сүннәтті орындағанға жататын. Ал Құран оқығанда көп жылау себебінен көршілері оны аяйтын. Ибраһим ибн Әдһам (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазанның күндізінде де, түнінде де ұйықтамайтын. Имам Шафиғи (рохматул-лаһи ғаләйһи) Рамазан айында алпыс рет Құранды хатым ететін. Бұл айтылғаннан тыс Хақ Тағаланың: «Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық етсін деп жараттым»,-деген аятқа сай («Әз-Зарият» сүресі, 56 аят) амал етудің жүздеген мысалы бар. Бұл дүниеден өтіп кеткен бабаларымыздың тіршілігінің көрінісі. Қазіргі күні олардың дәрежесіне жетпесе де, дегенмен өзінің шама-шарқына қарай солардың өнегесі болатын жандар баршылық. Бүгінгі күннің жан рахаты мен дүние тіршілігі олардың құлшылыққа деген ықыласына кедергі бола алмайды. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Хақ Тағала айтады: «Ей, адам баласы! Өзіңді Мен үшін босат! Сонда Мен сенің көкірегіңді уайымнан босатып, кедейлігіңді жоямын. Болмаса көкірегіңді уайымға толтырып, кедейліктен айырылмайсың». Күнделікті тәжірибе осының айғағы емес пе?!

Толығырақ ...

«Қадір» сүресінің тафсирі (жалғасы)

«Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».

Яғни, Қадір түні таң атуға дейін тек жақсылық болып, ешбір жамандық болмайды.

Әд-Даххак: «Аллаһ Тағала бұл түні тек жақсылық болуын белгілесе, басқа түні жақсылықпен қатар жамандықтың да болуын белгілейді»,-десе, Қатада осы сөзді қуаттап: «Қадір түні таң атуға дейін жалғасатын жақсылық түні»,-деген.

Мужәһид айтады: «Шайтан Қадір түні жаман іс істеп, біреуге зиянын тигізуге шамасы жетпейді».

Әш-Шағби аяттағы «саләм» сөзіне қатысты: «Ол күн батқаннан таң атуға дейінгі аралықта періштелердің мешіттегі адамдарға берер сәлемі. Олар әрбір мүминмен: «Әс-саләму ғаләйкә, уа мүмин»,-деп сәлемдеседі»,-деген.

Екінші мәселе: Қадір түні қай түні?

Имам Бухари Айша анамыздан (родиял-лаһу ғанһа) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінің тақ түндерінде іздеңдер»,-деген.

Имам Бухари Ғубада ибн Әс-Сомиттен (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түні қай кезде болатыны есімнен шығарылды. Мүмкін бұл сендер үшін жақсы да шығар. Осы себептен Қадір түнін тоғызыншы, жетінші және бесінші түні іздеңдер»,-деген.

Ғалымдар Қадір түні қай кезде болатыны беймәлім болуының бірнеше пайдалы жақтарын айтқан.

Біріншіден: Қадір түні нақты белгілі болған жағдайда біреулер өздерінің жалқаулығы себебінен басқа түні құлшылығын тастап қояр еді.

Екіншіден: Қадір түні қай кезде екені мәлім болған жағдайда күнә істемеуді әдетке айналдырған адамның дәл сол түні қасақана күнә істеуі өте қауіпті болар еді.

Үшіншіден: Қадір түні мәлім болып, біреу оны кездейсоқ өткізіп қойған жағдайда, еңсесі түсер еді.

Төртіншіден: қанша түн Қадір түні талабында өткізілсе, соның әрбірінің сауабы болады.

Абдулла ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу) бір сөзінде: «Жыл бойы түнін көз ілмей құлшылықпен өткізген адам Қадір түнін табады»,-деген. Біреу бұл жайында Убай ибн Кәғбке (родиял-лаһу ғанһу) айтқанда, ол: «Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу) адамдар бір түнмен қанағаттанбауын көздеген»,-деп, кейін ант етіп: «Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні болады»,-деген.

Дегенмен сахаба, табиғин және ғалымдардың басым көпшілігі, хадистің көбінде Рамазанның жиырма жетінші түні жайында айтылу себебінен, Қадір түні жиырма жетінші Рамазанға сәйкес келеді деген көзқарасты ұстанған.

Үшінші мәселе: Қадір түнінің артықшылығы.

Қадір түнінің артықшылығына қатысты аят мәселесіне келер болсақ, жоғарыда «Қадр» сүресінің тафсирінде соның біразы айтылып кетті. Оның бәрін қайталаудың мәнісі жоқ. Хадис мәселесіне келер болсақ, Қадір түнінің артықшылығына қатысты хадис те баршылық. Алайда, бұл жерде соның барлығын тізбей-ақ, бір ғана хадисті әңгімелесек жеткілікті болады-ау.

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Рамазан айының оразасын шын иман және сауаптан үміттенген халде ұстаған адамның бұрын істелген күнәлары кешіріледі әрі Қадір түнін шын иман және сауаптан үмiттенген халде өткізген адамның да оның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi».

Бұл хадистің бірінші бөлігі, яғни «Рамазан айының оразасын» сөзі бүтіндей Рамазан айының оразасына қатысты болса, екінші бөлігі, яғни «Қадір түнін» сөзі нақты қадір түніне байланысты. Демек, жалпылама алғанда хадис Рамазанды, соның ішінде нақты Қадір түнін Жаратушы Иенің әміріне бойсұнып ораза ұстаған, тарауих намазын оқу, Құран оқу, зікір, нәфіл намаз оқу, шарғи ілім үйрену т.с.с. құлшылық түрлерімен өткізген пенделерге қатысты.

Хадистегі «шын иман» сөзі Аллаһ Тағаланың ораза үшін берілетін сауабына қатысты уәдесіне шын сену, ал «сауаптан үміттенген» сөзі ықылас ұғымында айтылған.

Күнәлары кешірілу мәселесіне келер болсақ, бұл жерде кіші күнәлардың кешірілуі жайында айтылған. Өйткені ғалымдардың пікірінше күнәлардың кешірілуіне қатысты айтылған хадистің барлығы кіші күнәларға қатысты айтылған. Себебі, үлкен күнәлардың кешірілуіне оны жуып-шаятын амалмен қоса тәубенің болуы шарт.

Дегенмен, жомарттардың жомарты болған Жаратушы Иенің кеңшілігі шексіз. Хақ Тағала Өзі қалаған пендесінің күнәсін Өз қалауынша кешіре береді. Сондықтан да ықыласпен ұсталған оразаның себебінен мен тәрізді күнәға белшеңінен батқан пендесінің күнәсін кешіре салса, оған кім кедергі! «Үмітсіз – шайтан» демекші, үміттене берейік те, бауырлар! Үміттенгеніміз үшін біреу ақша сұрамайды ғой!

Төртінші мәселе: Қадір түннің белгілері.

Имам Ахмад пен Имам Байһақи Ғубада ибн Әс-Сомиттен (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Қадір түнінің белгілері: түн нұрлы және тынық болады. Салқын, не болмаса жылы болмайды. Ай ашық болады. Ол түні таң атуға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Әрі оның белгілерінен: таңертең күн сәулесі шағылыспаған халде шығып, Бәдр түніндегі толған айдай домалақ болады. Сонымен қатар, Аллаһ Тағала сол күні шайтанға күнмен бірге шығуына тыйым салады»,-деген.

Жалпы, Қадір түнінің белгілеріне қатысты басқа да хадистер баршылық. Оқырманның назарын Қадір түнінің белгілерінің ішінде күн сәулесі шағылыспаған халде шығуы жайында ерекше аударғым келеді. Себебі, Қадір түніне тән басқа белгілері үнемі болмаса да бұл белгі әрдайым болатыны жайында айта кеткен жөн.

Қадір түнінің басқа белгілеріне келер болсақ, Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Қадір түні жұмсақ, ыстық немесе салқын болмайды әрі таңсәріде күн шапағының қызылы бәсең болады».

Жәбир ибн Абдулла (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен Қадір түнін көріп, кейін ол қай түні екенін ұмытып қалдым. Ол соңғы он күндіктің бір түнінде болады. Қадір түні ыстық немесе салқын болмайды. Ол түн тынық, ашық болып, айлы түнге ұқсайды әрі таңында шайтан күнмен жарысып шықпайды».

Ғабда ибн Әби Лүбаба (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен Рамазанның жиырма жетінші түні теңіз суының дәмін көргенімде ол тәтті болатын».

Әйюб ибн Халид (рохматул-лаһи ғаләйһи): «Мен шомылуым керек болып, теңізге барып шомылғанымда, оның суы өте тәтті болатын. Бұл Рамазанның жиырма үшінші түні еді»,-деген.

Толығырақ ...

Қадір түні не болады?

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Қадір түні Жәбрәил (ғаләйһис-саләм)періштелердің бір тобымен түсіп Хақ Тағаланы тұрып немесе отырған халде зікір еткен пенде үшін дұға етеді. Кейін Аллаһ Тағала айт күні періштелерінің алдында Өзінің пенделерін мақтаныш етіп: «Періштелерім! Өз ісін атқарған қызметшінің хақы қандай?»,-деп сұрағанда, періштелер: «Я, Раббымыз! Оның хақы – ақысын толық төлеу»,-дейді. Сонда Хақ Тағала: «Періштелерім! Менің құлдарым оларға міндеттеген парызымды орындап, Маған дұға ету үшін айт намазына шықты. Өзімнің құдіреттілігім, ұлықтығым, жомарттығым, жоғары мәртебе және дәрежеммен ант етемін! Мен олардың дұғасын қабыл етемін!»,-деп кейін пенделеріне: «Қайта беріңдер! Мен сендердің күнәларыңды кешіріп, жаман істеріңді жақсылықпен ауыстырдым»,-дейді. Осыдан соң адамдар күнәлары кешірілген халде қайтады». Байһақи

Толығырақ ...

«Қадір» сүресінің тафсирі

Жаратушы Ие айтады: «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Я, Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) түседі. Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».

Тафсир

«Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Я, Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе?».

Имам Қуртуби: «Рамазанның бұл түнінің «Қадір түні» деп аталуының мәнісі: бұл түні бүкіл жаратылыстың бір жылдық тағдырын белгіленіп, оны Жәбрәил, Исрафил, Микәил және Әзрәилге тапсырады. Бұл төрт періште Хақ Тағала белгілеген бір жылдық тағдырды ретке келтіреді»,-десе, Имам Табари: «Ол – Аллаһ Тағала бір жылдық тағдырды белгілейтін үкім түні»,-деген.

Имам Табаридің тафсирінде Ибн Аббастың (родиял-лаһу ғанһу): «Құран ең жоғарғы аспаннан дүние аспанына Рамазан айының Қадір түнінде бүтіндей түсіріліп, кейін жылдар бойы бөлек-бөлек етіліп түсірілді»,-деген сөзі жайында айтылса, ал Имам Ибн Кәсирдің тафсирінде: «Аллаһ Тағала Құранды алдымен Ләухүл-Махфуздан дүние аспанындағы Бәйтүл-Ғиззаға түсіріп, кейін жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) түрлі оқиғаға байланысты бөліп-бөліп түсірді»,-деген сөзі келтірілген.

Ғикрима және Сағид ибн Жүбәйр (родиял-лаһу ғанһума) осы айтылғанды түсіндіріп: «Қадір түні қажылық жасаушылардың және олардың ата-аналарының есімдері жазылып, сол жазылғаннан артық немесе кем қажылық жасалмайды»,-десе, Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу): «Тағдыр кітабындағы бір жылдық ризық-несібе, өмір-өлім, жаңбыр, тіпті, қажылық жазылады»,-деген.

Жалпы Рамазанның бұл түні «Қадір түні» деп аталуына қатысты түрлі түсініктеме берілген. Мәселен, себебі: бұл түні жасалған құлшылықтың дәрежесі жоғары, сауабы мол, жерге тағдыр періштелері түседі, Хақ Тағала игілік, береке және жарылқауын түсіреді.

Сәһл (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Аллаһ Тағала бұл түнді мүминдерге рахметін жаудыратын түн етіп белгілеуі себебінен «Қадір түні» деп айтылады».

Әл-Халил (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Себебі, бұл түні жер беті періштелерге толып кетеді». Анығын бір Аллаһ Тағала біледі!

Рабиға ибн Күлсум айтады: «Мен біреудің Хасан Басриге: «Сіздің ойыңызша Қадір түні әр Рамазанда болады ма?»,-дегенін естідім. Сонда Хасан Басри: «Иә. Одан өзге тәңір болмаған Аллаһ Тағаламен ант етемін! Қадір түні әрбір Рамазанда болады. Ол – тағдыр түні. Сол түні Хақ Тағаланың әрбір ісінің үкімі беріліп, Аллаһ Тағала әрбір ажал, амал және ризық-несібенің қазылығын айтады»,-деді».

«Қадір түні мың айдан да қайырлы».

Жаратушы Иенің бұл сөзі Қадір түнінің артықшылығы мен ұлықтығына меңзейді. Себебі, бұл түні мың айда болмаған игілік нәсіп етіліп, бұл түнде істелген Хақ Тағаланы разы ететін амал басқа мың айда істелген амалдан артық. Сондықтан да муфассирлер, мысалы Әбүл-Ғалия: «Бұл түні істелген амал Қадір түні болмаған мың айда істелген амалдан артық»,-десе, Мужәһид: «Бұл түні істелген амал, ұсталған ораза мен оқылған намаз мың ай бойы істелген амал, ораза мен намаздан артық»,-деген.

Әбу Бәкр Әл-Уаррақ: «Сүлеймен пайғамбар (ғаләйһис-саләм) мен Зұлқарнайнның патшалықтары бес жүз айдан болды. Екеуін қосқанда мың ай болады. Аллаһ Тағала Қадір түні істелген амалды солардың мың айлық патшалығынан артық етті»,-десе, Абдулла Ибн Масғуд (родиял-лаһу ғанһу) пен Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу): «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сауытын мың ай бойы дін жолында киген Бәни Исраилдік бір адам жайында айтқанда, мұсылмандар бұл іске таң қалған болатын. Сонда: «Біз Құранды (сол адам сауытын дін жолында киген мың айдан қайырлы болған) бір берекелі түнде түсірдік»,-деген аят түсірілді»,-деген.

Мужәһид айтады: «Бәни Исраилде мың жыл бойы түні бойы көз ілмей құлшылық етіп, таң атқаннан күн батқанға дейін дұшпанмен соғысқан адам болды. Аллаһ Тағала: «Қадір түні мың айдан да қайырлы»,-аятын түсірді. Ал енді Қадір түнін құлшылықпен өткізу сол адамның істеген ісінен артық».

Уәһб ибн Мунаббиһ бұған қатысты: «Ол Шамсун есімді мұсылман болатын. Анасы оны Аллаһ Тағалаға нәзір еткен болатын. Шамсун тұрғындары пұттарға табынатын бір елдімекеннің жанында тұратын. Ол пұтқа табынушылармен жалғыз өзі күрескен болатын»,-деді.

Әли мен Ғуруа (родиял-лаһу ғанһума) айтады: «Нәби (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сексен жыл бойы Хақ Тағалаға құлшылық етіп, қас қағым сәтке де Оған қарсы келмеген Бәни Исраилдік төрт адам, яғни Әйюб, Зәкәрийа, Хизқил және Юшағ жайында айтқанда, сахабалар (родиял-лаһу ғанһум) бұл іске ғажаптанды. Сонда Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) келіп: «Я, Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм)! Үмметің сексен жыл бойы Хақ Тағалаға құлшылық етіп, қас қағым сәтке болса да Оған қарсы келмеген мына адамдарға таңданып жатыр ма?! Аллаһ Тағала одан да қайырлысын түсірді»,-деп «Қадр» сүресін оқыды».

Имам Малик өзінің «Әл-Муатта» атты хадистер жинағында Ибн Әл-Қасимнен (родиял-лаһу ғанһу) Пайғамбарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бұрын болған үммет ұзақ өмір сүргені көрсетілгені жайында риуаят еткен. Сонда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) үмметінің өмірі қысқа болуы себебінен басқа үммет сияқты көп амал істей алмайтыны жайында ойлағанда, Аллаһ Тағала Оған Қадір түнін сыйлап, оны мың айдан қайырлы етті.

«Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) түседі».

Яғни, жер бетіне жеті қабат аспаннан періштелер түсіп, таң атуға дейін адамдардың тілегіне: «Әмин!»,-деп тұрады.

Имам Ибн Кәсир Жаратушы Иенің осы сөзін тафсирлеп айтады: «Құран оқылғанда түскендей, Қадір түннің берекеті және берекетімен жер бетіне көп періште түседі. Олар зікір қалхалардың жанына жиналып, ілім алушыларды құрметтеп, олардың астына қанаттарын жаяды»,-десе, Имам Ахмад Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен хадисте Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ол түні жер бетіндегі періштенің санына сан жетпейді»,-деген.

Негізінде аяттың араб тіліндегі нұсқасында Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) «Рух» деп айтылған. Әл-Қушайри Жәбрәил періштенің (ғаләйһис-саләм) бұл лақап атына қатысты: «Рух» деп басқа періштелерді бақылап тұратын періштелерді айтады. Біз періштелерді көрмегендей, басқа періштелер де оларды көрмейді»,-десе, Муқатил: «Рух» деп періштелердің ішіндегі ең қадірлі әрі Хақ Тағалаға ең жақын періштелерді айтады»,-деген.

Сонымен қатар, «рух» сөзіне қатысты, ол: «Нәбә» сүресінде әңгімеленген періштелердің түрі, періштелерден тыс Аллаһ Тағаланың арнайы әскері, періштелерден өзге жаратылыс, Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) және басқа періштелер алып түсетін Хақ Тағаланың рахметі деп түсініктеме берілген. Анығын жалғыз Хақ Тағала біледі!

Әл-Кәлби айтады: «Қадір түні Жәбрәил (ғаләйһис-саләм) басқа періштелермен түсіп, әрбір мұсылманға сәлем береді».

Жалғасы бар!

Толығырақ ...